Махамбет Әбжанның ісі бойынша тергеу жалғасуда
Журналист Махамбет Әбжаннан жауап алу жалғасуда. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы, 2-бөлігі, 3-тармағы (бұқаралық ақпарат құралдарын немесе ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша қозғалған істе қорғану құқығына ие куәгер болып табылады. Бұл бап бойынша үлкен көлемдегі айыппұлдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған).
25 қаңтарда Махамбет Әбжанды 4-5 қаңтардағы оқиғалар бойынша қосымша жауап алуға шақырған еді. Оның Ресейдің «Дождь» телеарнасына берген сұхбатының стенограммасын Орталық сот сараптамасы институтына сот психологиялық-филологиялық сараптамаға жіберді. Сараптама қорытындысы қашан дайын болатыны белгісіз, тергеушінің айтуынша «жақын уақытта» дайын болуға тиіс.
Махамбеттің адвокаты Бауыржан Азанов оның заңды бұзбағанына сенімді. Ол журналиске қарсы қылмыстық істі тоқтату керек екенін айтады.
«Қазір мен Әбжан Махамбеттің іс-әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық істі қысқарту туралы өтініш бердім. Оны қылмыстық процесті жүргізуші орган – Астана қаласы Байқоңыр ауданының полиция бөлімі қанағаттандырады деп сенемін. Бұл жай ғана сұхбат, ол жерде өз ойын айтты», - дейді Бауыржан Азанов.
Тәжірибеде біздің елде қорғану құқығы бар куәгер болу оңай емес.
Еске салсақ, 4 қаңтарда Abzhannews Telegram арнасының авторы Махамбет Әбжан ресейлік «Дождь» телеарнасына сұхбат беріп, Қазақстанда өтіп жатқан митингілер туралы айтқан еді. Осыдан кейін көршілерінің шу шыққаны туралы шағымына байланысты оның үйіне полицейлер келген. Журналистің өзі полицейлердің келуін Қазақстандағы наразылық акцияларын белсенді түрде жариялауымен байланыстырады.
6 қаңтарда Махамбет Әбжан із-түзсіз жоғалып кетті, бірақ екі аптадан кейін өзінің Telegram-арнасында аман екенін хабарлады.