«Ар-Беделдің» Тұңғыш Президентті қорғауға құқығы жоқ
19 қаңтарда Нұр-Сұлтанның Алматы аудандық сотының судьясы Расуд Қарағаев «Ар-Бедел» қоғамдық қорының танымал супермарафоншы Марат Жыланбаевқа қарсы шағымы бойынша азаматтық істі тоқтатты. Мұндай талаппен сотқа жүгіну үшін «Ар-Беделге» Тұңғыш Президенттің сенімхаты мен қоғамдық қорда жоқ басқа да құжаттарды ұсыну қажет болды.
Еске салайық, өткен жылдың 4 желтоқсанында «Ар-Бедел» қоғамдық қоры Марат Жыланбаевтың әлеуметтік желілердегі жазбалары мен репосттарында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың қызметіне және тұтастай алғанда Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік жүйесіне қатысты жалған теріс ақпарат бар» деп есептеп, оны сотқа берген болатын. Жыланбаевтың өзі әлеуметтік желіде тек шындықты және өзі шындық деп санайтын нәрселерді жариялайтынын айтты.
Н. Назарбаевты қорғау туралы талап «Ар-Бедел» берген бірінші талап емес, бірақ қазір ғана сот қордың қорғалатын адамнан сенімхаты болмай, сотта ешкімді де қорғауға өкілеттігі жоқ екеніне назар аударды.
Анықтама үшін. «Ар-Бедел» қоры 2020 жылдың қазан айының соңында тіркелді. Ұйымның басшысы–Уварова-Патенко Наталья Витальевна. Каспий қоғамдық университетінің Экономика және басқару Жоғары мектебі деканының орынбасары, заңгер, спортшы және... ҰҚК Шекара әскерлерінің прапорщигі. 2021 жылы бес қызметкерден тұратын осы ҮЕҰ-ның жылдық бағалау түсімі (олардың сайтында көрсетілгендей) 300 миллион теңгеге жетті.