Дарын Нұрсапар бостандықта
17 қаңтарда Шығыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы прокуратураның апелляциялық өтініші бойынша Өскемен қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қаулысын өзгертті. Қамауға алу мерзімі 15 тәуліктен 7 тәулікке дейін қысқартылды.
Қазір журналист үйінде. Телефоны оған әлі қайтарылған жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Нұрсапар облыс орталығында 5 қаңтарда өткен митингтің бейнежазбасын өзінің Фейсбуктегі парақшасында жариялаған болатын.
9 қаңтарда ол ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы 6-бөлігі бойынша (егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы ҚР заңнамасында белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарға, митингілерге, демонстрацияларға, шерулерге, пикеттерге не өзге де жария іс-шараларға қатысу) әкімшілік жауапқа тартылды.