Журналист Амангелді Батырбековті өлтіруге шенеунік тапсырыс берген
Түркістан облысының полициясы «Сарыағаш инфо» газетінің редакторы Амангелді Батырбековты өлтіруге қатысты күдіктілерді ұстап, бұл қылмысқа тапсырыс берушіні анықтады. Ол журналистің өмірін 5 миллион теңгеге бағалаған шенеунік болып шықты.
«Қазіргі уақытта журналисті өлтіруге Сарыағаш ауданы тұрғындарының бірі, атап айтқанда шенеунік тапсырыс бергені анықталды. Ол оның өмірін 5 000 000 теңгеге бағалап, өзінің бұрынғы қол астындағы бағынышты адамына айтады. Ол адам тапсырысты орындайтын екі орындаушыны табады. Соңғылары тапсырысты орындап, қылмыстық іздерін жасыру үшін Сарыағаш ауданынан Шардара, Арыс арқылы Шымкентке дейін жетеді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот оларды қамауға алуға санкция берді» - деді Түркістан облысы ПД бастығы Қайрат Дәлбеков.
Қылмысқа қатысы бар 5 күдікті ұсталды. Олардан тапсырыс берушіден алынған ақшаға сатып алынған 2 ВАЗ маркалы автокөлік және 16 калибрлі патрондар тәркіленді.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың қараша айында Амангелді Батырбеков «Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, Шымкент қалалық прокуратурасының прокуроры және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасарын не байланыстырады» деген тақырыпта зерттеу жариялайтынын хабарлаған болатын. 4 күннен кейін ол «Сарыағаш инфо» газетінде медициналық мекеме туралы сыни материал жариялап, оған сол кездегі ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі А.Ғиният пен Түркістан облысының прокуроры М. Әлихановтың назарын аударған. Ал ұлына қастандық жасалғанға дейін бірнеше сағат бұрын «Жаңаөзен өзгерістің басы» - «Жаңаөзен: начало перемен» деген тақырыпта пост жариялаған еді.