altaynews.kz сайтының редакторы Дарын Нұрсапаров қамауға алынды
Шығыс Қазақстан облысының «Шығыс ақпарат» холдингінің журналистеріне басшылықтары митингтерге баруға тыйым салды. Дегенмен, «Алтай ньюс» сайтының редакторы Дарын Нұрсапар қаладағы төтенше жағдайларды жариялауды өзінің кәсіби борышы деп санады. 5 қаңтарда ол Өскеменде митингтен түсірілімжасап, өзінің Фейсбуктегі парақшасында видео жариялады.
Әріптестерінің айтуынша, 7 қаңтарда оның үйіне құқық қорғау органдарының қызметкерлері келіп, оны «алып кеткен». 9 қаңтарда сот шешімі шықты.
Дарын ҚР ӘҚБтК-нің 488-бабы 6-бөлігі (егер бұл әрекетте қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпті бұза отырып өткізілетін жиналыстарға, митингілерге, демонстрацияларға, шерулерге, пикеттерге не өзге де жария іс-шараларға қатысу) бойынша жауапқа тартылды. Журналист 15 тәулікке қамауға алынды.