Журналистке шабуыл кәсіби қызметке кедергі емес пе?
Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу сотының судьясы А. Жақыпов 716.kz тілшісі Оксана Матасованың заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіру туралы қылмыстық іс толығымен заңды және негізді түрде тоқтатылды деп шешті. Қосымша дәлелдер жинау енді мүмкін емес.
Құқық қорғау органдары да, қадағалау органдары да, сот органдары да журналистің қызметіне кедергі келтірілген ешбір дәлел жоқ деп есептеді. Ал журналиске тіл тигізіп, оған шабуыл жасаған адамның кінәсін растайтын видеоны сот қабылдамады.
Естеріңізге сала кетейік, 26 мамырда көкшетаулық 716.kz ақпараттық порталың тілшісі Оксана Матасова Қылшақты өзенінің жағасын абаттандыруда балалар еңбегін заңсыз пайдалану туралы материал дайындады. Осы жұмысты ұйымдастыруға қатысы бар Руслан Хугаев сұрақтарға жауап берудің орнына журналисті итеріп, оған тіл тигізіп, камерасын қағып жіберді. Сол күні тілші полицияға арыз жазды.
Журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау туралы тағы бір іс сотқа жеткен жоқ…