«Уральская неделя» журналистері әуе кеңістігін пайдалану ережелерін бұзды деп айыпталуда
29 шілде күні сағат 20:50-де Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері журналист Лұқпан Ахмедьяров пен оператор Исатай Дүйсекешовты ұстады.
Журналист пен оператор Сығанақ пен Сауран көшелерінің бұрышынан қаланың келбетін дронның көмегімен түсірмек болған. Түсірілім басталған соң шамамен 5 минуттан кейін полиция патрульдік машинасы оларға жақындайды. Полиция инспекторлары Ораз Өтегенов пен Марат Балтабай журналистерден дронды іске қосуға рұқсат беруді талап етті. Бұл ретте полиция қызметкерлері мұндай рұқсатты қандай орган беретінін түсіндіре алмады. Журналистерді Астана қаласының Есіл аудандық полиция басқармасына, полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Марат Дубаевтың кабинетіне жеткізеді. Соңғысы журналистерге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 563-бабы «әуе кеңістігін пайдалану ережелерін бұзу»бойынша материал жасалатынын мәлімдейді. Журналистердің ұстау хаттамасын жасауды және олардың құқықтарын түсіндіруді талап етуіне офицер Дубаев полиция оларды жауапқа тартпайтынын, тек ҚР Қорғаныс министрлігіне берілетін материал құрастыратынын айтқан.
Журналистерден түсініктеме алғаннан кейін оларды босатты, бірақ олардан мемлекеттік органдардың талабы бойынша дронды пайдалануға беруге міндетті екендігі туралы қолхат алады.
Осыдан кейін журналистер осы басқарманың кезекші бөлімі арқылы полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағым түсіруге тырысты. Алайда, кезекші бөлім жұмыс күнінің аяқталғанын сылтау етіп арызды қабылдаудан бас тартты.
Келесі күні Лұқпанға азаматтық авиация комитетінің қызметкері қоңырау шалып, оған айыппұл салынғанын айтты. Айыппұлдың сомасын да, оны қалай төлеу керектігін де түсіндіре алмады. «Ол Ақордадан 4 км радиуста дрондарды іске қосуға тыйым салынғанын нақты айтқан. Дронның «миына» енгізілген ұшқышсыз аймақтардың картасында бұл ақпарат жоқ екендігі таңқаларлық», - деп жазды Лұқпан өзінің Facebook парақшасында.