ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ
Әріптес, серіктес, сөзіне берік, үлкенді құрметтеп, кішіге ізет көрсете білетін, өз мамандығының майталманы, парасатты ақылшы, ренжісе де адами шеңберден аттамайтын, күлімдеп қарсы алатын Рысбек Сәрсенбайұлының бір образы осындай.
Рекең еңбек жолын сонау жылдары Нарынқолда шығатын "Советтік шекара" газетінен бастап, кейін облыстық "Жетісу", көп жыл республикалық "Егемен Қазақстан" газетінде жалғастырды.
Рысбек Сәрсенбайдың100-жылдық тарихы бар "Жас Алаш" басылымына бас редакторлыққа келуін қоғам кәдімгі норма, үйлесімді шешімнің нәтижесі есебінде қабылдады.
Сол жылдары қоғам үшін маңызды мәселенің бірде бірі "Жас Алаш" назарынан тыс қалмайтын, жаңадан келген бас редактор Рысбек Сәрсенбай осы сыни ойлау және сыни жазу дәстүрін жалғастыра білді. Чиновниктер және солардың сілтеумен жүретін жеке біреулер газетке қайта-қайта шүйлігіп, наразылық білдіріп, сотқа дейін жүгінетін. Кейде "жеңіліс" тапса да, Рекең бастаған газет жеңілмеді, керісінше, рухани тәжірибе жинап, жазуды одан сайын өткірлей түсті. Артында қалың оқырманы, қоғам тұрғанда, сөз бостандығы мен демократиялыққұндылықтарға жетудің бірден бір жолы - заңнан аттамай айтылатын ақиқат емес пе.
Бүгінде Рекең еңбек демалысында, көңілі жас, көкірегі баяғыша, жастардың, өмір жолын жаңа бастағалы отырған әріптестерінің кеңесші-ақылшысы.
Біз Рекеңді біраз жасағаны немесе жоғары жақ тарапынан еңбегі айтарлықтай еленбегені үшін емес, өз мамандығына берік болғаны үшін құрметтейміз.
Келген жасыңыз құтты, денсаулығыңыз мықты болсын.
Әлі де жасайтыныңыз көп болуына тілектеспіз. Аман жүріңіз.