Шымкент полициясы: журналистерге шабуыл – құқық бұзушылық емес
«Әділ сөз» қоры 3 сәуірде Шымкент қаласының Алтынтөбе тұрғын үй аумағында журналистердің жұмысына өрескел кедергі келтірілгені туралы мәлімдемесіне жауап алды.
Шымкент полиция департаментінің ӨҚБ бастығы полковник Н.Жұмахметов 31-арнаның тілшісі Бахром Абдуллаевқа дене жарақатын салу фактісі анықталғанын, бірақ бұл қылмыстық құқық бұзушылық емес екенін, сондықтан «қылмыстық іс тоқтатылып, Шымкент қаласының прокуратурасына зерттеуге жіберілгенін»хабарлады.
Еске сала кетейік, сол кезде полицейлер тұрғындардың наразылығын түсіруге тыйым сала отырып, журналист Бахром Абдуллаевтың қолын жарақаттап, түсірілім кезінде камераға ұстап тұрған қолшатырды сындырған. «Астана» телеарнасының тілшісі Бахрамбек Талибжановты өліммен қорқытқан. «Азаттық» радиосының тілшісі Диляра Исаның ұялы телефонын тартып алуға тырысқан болатын.
2 наурызда Шымкенттегі «Астана»телеарнасының меншікті тілшісі Бахрамбек Талибжановқа шабуыл жасалды.
Бахрамбек Талибжанов Тамерлан тас жолының бойында орналасқан автобөлшектер қоймасында үлкен өртті сөндіруге келді. Үш полиция қызметкері Бахрамбек Талибжановтың қолын бұрап, тағы біреуі журналисті бетіне, содан кейін бүйрегіне ұрған. Осы кезде Бахрамбектің әріптесі, 31-арнаның тілшісі Бахром Абдуллаев оларға жүгіріп, ол не болып жатқанын телефонға түсіре бастаған. БАҚ өкілдерін Абай АІІБ-не жеткізді.
«Әділ сөз» болған оқиға туралы хабарлағаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, атап айтқанда 3 наурыз күні сағат 1.30-да қордың атына жауап келді.Онда «сіздің мақалаңызға қатысты алдын ала жауап: Шымкентте «Астана»телеарнасының журналисін ұрып-соққан делінген. Жауапты жіберушінің мекен-жайы қазақстандық полиция қызметі үшін біртүрлі – dvdg.shymkent@mail.ru -хабарламада бірде-бір фамилия жоқ, біз оны төменде сөзбе-сөз келтірдік:
«Аталған факті бойынша полиция департаментінің қызметкерлері қызметтік тексеруді бастады, оның нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.
Сондай-ақ, 2021 жылғы 2 наурызда Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры республикалық арналардың тілшілерімен жеке кездесіп, туындаған жағдайды талқылағанын хабарлаймыз» делінген.
Бүгінгі таңда Бахрамбек Талибжановтың өтініші бойынша іс әлі аяқталған жоқ, бұл іс туралы ештеңе әлі белгісіз.
Прокуратура органдары Оңтүстік полицейлеріне ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабын:«Журналистің заңды кәсіби қызметіне оны ақпаратты таратуға не таратудан бас тартуға мәжбүрлеу арқылы, сол сияқты журналистің заңды кәсіби қызметін орындауына кедергі келтіретін не оны осы мүмкіндіктен толығымен айыратын жағдайлар жасау арқылы кедергі жасау» екенін еске салады деп үміттенеміз.