Оралда журналист Ақмарал Федорова ұсталды
22 ақпанда Оралда полиция қызметкерлері «Уральская Неделя» газетінің тілшісі Ақмарал Федорованы ұстады.
Әріптестері оның қалалық алаңның жанындағы баспаханаға барғанын айтады. Сол кезде алаңда Тілеген Төрешевтің бір адамдық пикеті өтіп жатады. Ол Назарбаев даңғылының атауын өзгертуге қарсылығын білдіріп, көшені бұрынғы атауымен атауды талап еткен. Журналист пикетті түсіре бастаған сәтте оған полиция жақындаған.
Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Жанболат Жаншиннің қысқа келіссөздерінен кейін оның қол астындағы қызметкерлерінің бірі Тілеген Төрешевтің қолын «бұрап», полицияның көлігіне сүйреп апарған.
Ақмарал Федорова президент Тоқаевтың жеке пикеттерге рұқсат бергендігін айтып, неліктен Төрешевтің ұсталғанын сұрайды. Осы сұрақтан кейін журналист өзін таныстырып, полицияға өзінің кәсіби қызметі туралы хабарлағанына қарамастан полиция оның да қолын бұрап алып кеткен.
Қазір Ақмарал Федорова Тілеген Төрешевпен бірге Абай полиция бөлімінің ғимаратында екені белгілі болды. Федорованың айтуынша, Нәсіпқалиев есімді полиция қызметкері ұялы телефонын пайдалануға тиым салған. Осыдан кейін ұсталғандардың екеуінің де телефондары сөніп тұр.