Амангелді Батырбековке қатысты сот: жаңа сараптама қажет
25 қарашада Түркістан облыстық сотының апелляциялық сот алқасының отырысында Сарыағаш аудандық сотының қаулысы бойынша жасалған журналистің мақаласында қорлау белгілерін байқаған сараптама қорытындысы қаралды.
Осы сараптаманың авторы екінші сатыдағы сотта бірқатар маңызды сұрақтарға жауап бере алмады. Оның үстіне, ол қазақ филологиясы емес, орыс тілінің маманы екені анықталды. Нәтижесінде сот даулы мәтінді жаңа сараптамаға жіберді.
Келесі сот отырысы жаңа сараптама дайын болғанда, яғни, үш аптадан кейін болады.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы 23 қыркүйекте Түркістан облысының Сарыағаш аудандық соты "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековты 2 жыл, 3 айға бас бостандығынан айырды. Жәбірленуші Келес ауданының білім бөлімінің басшысы Бақтияр Әбдиев, ол туралы Батырбеков Facebook-тегі өзінің бетінде бірқатар сыни посттар жариялаған еді.