RATEL.kz қайта көтеріледі!
RATEL.kz желілік басылымы 23 қазаннан қайта шыға бастауы мүмкін және Марат Асипов оны бұрынғыдай басқара алады.
Мұндай шешімді 28 тамызда Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Ержан Шыңғысов қалалық соттың апелляциялық алқасының қаулысы бойынша шығарды.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы 2019 жылғы 13 тамызда Алматы қаласының Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенованың «Ratel.kz» желілік басылымның бұрынғы бас редакторы Марат Асиповтың талабы бойынша шығарылған ұйғарымының күшін жойды. Іс жаңадан қарауға қайтарылды.
Еске сала кетейік, желілік басылым осы судьяның 2018 жылғы 28 мамырдағы шешімімен жабылған еді. Шешімде:«Ratel.kz аналитикалық интернет-порталдың желілік басылымын шығаруды тоқтату, тіркеудің күшін жою және қазақстандық интернет сегментінің кеңістігінде бір жыл ішінде сол немесе қайталанатын атаумен домендік атауды пайдалануға тыйым салынсын» делінген. Сонымен қатар, бас редактор Марат Асиповқа Ratel.kz атауымен ақпараттық материалдарды БАҚ-та, интернет-ресурстарда және домендік есімдерде Ratel.kz, Balborsyk.kz, Wildratel.com, Itau.kz және басқа да домендік атауларда таратуға тыйым салынды.
Бір жылдан кейін Марат Асипов аудандық сотқа сайттың қашан бұғаттан шығатынын, осы БАҚ-ты есепке қою туралы куәлік қашан қалпына келтірілетіндігін және оған бас редактор ретінде Ratel.kz атынан ақпараттық материалдарды таратуға болатынын түсіндіруді сұрады.
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенова 10 маусым күні бас редактордың арызынан бас тартты. Сот отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына Гүлмира Бейсенова: Ratel.kz тіркеу туралы куәлік кері қайтарылды, осы және онымен байланысты БАҚ-тардың атынан бірдеңе жазуға тыйым салынған. Бұл БАҚ енді жоқ. Асипов қаласа жаңа БАҚ-ты тіркей алады және онда жұмыс істей алады, - деген болатын.
«Әділ сөз» Ratel.kz ұжымын жеңістерімен құттықтайды!