Журналистті бопсалау - қылмыстық іс қозғауға себеп емес пе?
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшыларының журналист Олег Гусевтің кәсіби қызметіне кедергі келтіруіне байланысты қылмыстық іс тағы да тоқтатылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, оқиға 2018 жылдың қазан айында басталған.
«АрселорМиттал Теміртаудың» іскерлік беделін қорғау туралы сотта журналист Олег Гусев өзі мен компанияның арасындағы келісімді ұсынды. Құжатқа сәйкес, журналист шағымдағы талаптарды толығымен мойындап, AMT қызметі туралы жағымсыз ақпаратты жариялауды тоқтатуы керек. Өз тарапынан компания журналистің туысы жұмыс істейтін мердігерлік фирманы «оқшауламауға» міндеттеме алады.
Олег Гусев бұны бопсалау деп санап, Facebook’те мәлімдеме жариялайды. Әлеуметтік желіні бақылайтын Қарағанды облысының полиция қызметкерлері бұл мәлімдемені анықтап, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабының 2-бөлігі бойынша (қызметтік жағдайын пайдаланып журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау) қылмыстық іс қозғады.
Осы жылдың қаңтар айында осы баптың 2-бөлігі 1-бөлімге өзгертіліп, іс жабылған еді.
Олег Гусев істі жабу туралы шешімге шағымданған болатын. 11 наурызда ҚР ҚК 158-баптың 2-бөлігі бойынша тергеуді бастау туралы жаңа қаулы шығарылды.
2019 жылы 29 маусымда осы іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүргізетін тергеуші «АрселорМиттал Теміртау» лауазымды тұлғасының іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмағандықтан қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім шығарды.
Тергеушінің шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ және оны прокуратура бекітуі тиіс.
Олег Гусев тергеушінің шешімімен келіспейді және істі сотқа бергісі келеді.
Еске салайық, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158-бабы бойынша, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау «оны ақпаратты таратуға немесе таратудан бас тартуға мәжбүрлеу, сондай-ақ журналистің заңды кәсіби қызметін жүзеге асыруға кедергі келтіретін жағдайлар жасау немесе оны осы мүмкіндіктен толық айыру» болып табылады.