Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Марат Асипов сот түсіндірмесіне қол жеткізді

13 тамыз 2019

2019 жылы 13 тамызда Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы Алматы Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенованың «Ratel.kz»желілік басылымның бұрынғы бас редакторы Марат Асиповтың талабы бойынша шығарылған ұйғарымының күшін жойды. Іс Медеу аудандық сотына қайтарылды және сол құрамда қаралатын болды.

 

Еске сала кетейік, желілік басылым осы судьяның 2018 жылғы 28 мамырдағы шешімімен жабылған еді. Шешімде: «Ratel.kz аналитикалық интернет-порталдың желілік басылымын шығаруды тоқтату, тіркеудің күшін жою және қазақстандық интернет сегментінің кеңістігінде бір жыл ішінде сол немесе қайталанатын атаумен домендік атауды пайдалануға тыйым салынсын» делінген. Сонымен қатар, бас редактор Марат Асиповқа Ratel.kz атауымен ақпараттық материалдарды БАҚ-та, интернет-ресурстарда және домендік есімдерде Ratel.kz, Balborsyk.kz, Wildratel.com, Itau.kz және басқа да домендік атауларда таратуға тыйым салынды.

 

Бір жылдан кейін Марат Асипов аудандық соттан сайттың қашан бұғаттан шығатынын, осы БАҚ-тың тіркеу куәлігі қашан қалпына келтірілетінін және бас редактор ретінде Ratel.kz атынан ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға  қашан болатындығын нақтылауды сұрады.

 

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Гүлмира Бейсенова 10 маусым күні бас редактордың арызынан бас тартты. Сот отырысынан кейін журналистердің сұрақтарына  Гүлмира Бейсенова: Ratel.kz тіркеу туралы куәлік кері қайтарылды, осы және онымен байланысты БАҚ-тардың атынан бірдеңе жазуға тыйым салынған. Бұл БАҚ енді жоқ. Асипов қаласа жаңа БАҚ-ты тіркей алады және онда жұмыс істей алады, - деген болатын.

 

 

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз