Лұқпан Ахмедияров прокуратура мен апелляция арқылы өз құқығын қорғауға қол жеткізбек
«Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров полицияның заңға қайшы әрекеттері үшін прокуратураға арызданды. Оған маусымның 12-сі күні алаңда журналистің ұсталуы себеп.
Мен өз кәсіби міндетімді орындау үшін алаңда болдым. Полицейлердің адамдарды қалай ұстап жатқандығын түсірдім. Полиция қызметкерлері мені де ештеңе түсіндірместен ұстады. Қандай да бір қылмыстық іске байланысты сұралатынымды ғана хабарлады. Менің ұсталуымды түсіндіретін қолдарында құжаттар болған жоқ. Бұл менің кәсіби журналистік қызметіме кедергі келтірді деп санаймын. Заңгерлермен ақылдасып, мен прокуратураға полиция әрекетіне қарсы шағым беруге шешім қабылдадым, - деп түсіндірді Лұқпан Ахмедияров.
Сонымен қатар, журналист бірінші сатыдағы сот шешіміне апелляциялық шағым түсірді. Ол полицияға қарсылық білдіргені үшін айыппұл төлеуге міндеттелген еді. Әңгіме 12 маусымда болған оқиға туралы болып отыр. Ахмедияров төлейтін айыппұл сомасы 20 АЕК құрайды. Бұл шығын 50 мың теңге.