«Уральская Неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров әкімшілік сотқа жеткізілді
«Уральская Неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияров 17 маусым күні таңертең Орал қаласының Абай полиция бөліміне ҚР ӘҚБтК - нің 667-бабы 1-бөлімі «Құқық қорғау органы қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, сондай-ақ олардың заңды қызметіне кедергі келтіру» бойынша жауап алу үшін шақыртылды.
Сол жерден ол Орал қаласының әкімшілік сотына жеткізілді.
Л. Ахмедияровтың айтуынша, сотта екі күн бұрын оның қатысуынсыз полицейлер хаттама толтырғандығы анықталған. 12 маусымда қаланың орталық алаңында журналистерді ұстау кезінде Ахмедияров полицейлердің талаптарына бағынудан бас тартып, белсенді қарсылық көрсеткен. Жергілікті полиция бастығы Кенжебек Құспаев Ахмедияровты қандай да бір қылмыстық іс шеңберінде жеткізу қажеттігі туралы ауызша түрде хабардар еткен. Алайда, оның талаптарының заңдылығын негіздейтін шақыру қағазы да, басқа да құжаттар берілмеген. Бұл туралы «Уральская Неделя» басылымының бас редакторы телефон арқылы газет редакциясына мәлімдеген.
Ахмедияровтың арызы бойынша сот Орал қаласының уақыты бойынша сағат 15.00-ге ауыстырылды. Себебі, журналистке адвокат берілмеген.
Лұқпан Ахмедьяров 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы немесе 50 500 теңге (20 АЕК) айыппұл салынуы мүмкін.
Сондай-ақ сот тек ескерту жасай алады.