«Ақтөбе Таймс» газетінің тілшісі Татьяна Токарь ақталды
21 мамыр күні Ақтөбе қалалық соты жергілікті «Ақтөбе Таймс» газетінің тілшісі Татьяна Токарьді ақтады, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
2016 жылдың 10 қарашасында газетте «Посадили банду мошенников» атты Гурконың ісі бойынша мақала жарияланады. Сол жылы 9 жылға бас бостандығынан айырылған заңгер Ирина Гурко Татьяна Токарьді қорлап, жала жапты деп айыптайды. Журналистке қатысты қылмыстық кодекстің 130-бабының 2-бөлігі («бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жала жабу») бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Журналист өзінің мақаласын пресс-релиздер мен сот мәжілісі залынан алынған мәліметтерге негіздеп жазды. Оның әрекеттерінде қылмыс жоқ. Соған байланысты сот Татьяна Токарьді ақтау туралы шешім қабылдады», - деді судья Ербол Әбдіхалықов.
Ирина Гурко колонияда болып, сотқа бейне байланыс арқылы қатысты. Судья Әбдіқалықовтың айтуынша, журналист өзін айыптағаны үшін Ирина Гурконы сотқа беруге құқылы.