Ақтөбе соты «Ақтөбе таймс» газетінің журналисі Татьяна Токарьға қарсы шағымды қанағаттандырмады
14 мамырда Ақтөбе қалалық соты бұрынғы шенеуніктің «Ақтөбе таймс» газетінің тілшісі Татьяна Токарьға қатысты талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды, деп хабарлайды Азаттық радиосы. Сотқа Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциясы бастығының бұрынғы орынбасары Ерлан Орынбаев жүгінген. Оған «Ақтөбе таймс» басылымының 2019 жылғы 21 ақпандағы нөміріндегі мақала себеп болған.
Дау тудырған мақалада қарамағындағы қызметкері Ерлан Орынбаевты «маған қол жұмсады» деп айыптағаннан кейінгі сот талқылауының барысы сипатталады. Газетте экс-шенеуніктің сот залында сыртынан түсірілген суреті де (арқасынан түсірілген) жарияланады.
Ерлан Орынбаев өз талап-арызында оның суретін журналистің пайдалануы заңсыз екенін және мақалада келтірілген мәліметтер оның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретінін айтқан. Талапкер журналистен моральдық шығын ретінде 1миллион теңге талап еткен.
Істі қараған судья Назгүл Қанапия: журналист адамның бейнесі лауазымдық міндеттерін орындаумен байланысты фотоны пайдалануға рұқсат сұрауға міндетті емес екенін, «Ақтөбе таймс» басылымында жарияланған мақала ашық сот отырысының ізімен жазылғанын және мақалада Орынбаев өзінің лауазымдық міндеттерін орындаумен байланысты мәліметтер келтірілгендігін атап өтті.