Ақтөбелік журналистер әріптестерін «Хабар 24» телеарнасына бойкот жариялауға шақырды
Журналистердің мұндай қадамға баруына телеарнаның Ақтөбе облысы бойынша тілшісі Ләйла Әуесованың жұмыстан шығуы себеп болды. Астанаға осы бюрода жұмыс істейтін көлік жүргізушісі өзін жергілікті филиалдың журналистері құрметтемейтіні туралы шағым жазады. Оның айтуынша, зейнет жасына дейін екі жыл қалған ер адам жұмыстан шығуға мәжбүр болған. Хатта Ләйла Әуесова туралы бір сөз жоқ. Осы хат үшін «Хабардың» орталық офисінен тексеру келеді. Әуесованың айтуынша, тексеру нәтижесінде оған 3 минут ішінде жұмыстан кетуді ұсынады.
«Маған мәтінді жаза алмайсың және нашар көрінесің деді» — дейді Әуесова. Алайда алты жыл бойы арна басшылығы тілшінің сыртқы келбетіне және оның мәтіндерінің сапасына сын айтпаған. Журналистің айтуынша, өзіне жасалған қысым мен жүйкеге тиген әңгімеден соң өз еркімен жұмыстан босату туралы арыз жазады.
16 наурызда ақтөбелік журналистер Ақтөбе облысының әкімшілігі алдында жиналып, «Хабар» телеарнасының басшылығына және облыс әкімі Оңдасын Оразалинға үндеу жасады.
«Біз Ақтөбе облысының барлық журналистерін Ләйланы, әсіресе, жергілікті журналистерді қолдауға шақырамыз. Ешкім де бос орынға ие болуға тиіс емес.
Осылайша, біз «Хабар» телеарнасына бойкот жариялаймыз. Олар журналистердің күш екенін түсінсін. Егер бір телеарна қажетсіз журналистен осылайша құтылуға құқылы болса, бұл дегеніміз, БАҚ-тың кез келген басқа меншік иесі бізден құтыла алады», деп жазады өз хатында жергілікті журналистер.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусізова журналистермен кездесті. Ол БАҚ өкілдерін тыңдап, жағдайды шешуге көмектесуге уәде берді.
«Әділ сөз» қорының заң қызметінің жетекшісі Тамара Симахина Ләйла Әуесованың жағдайын үмітсіз деп санайды және оған өз құқықтарын қорғау үшін не істеу керектігі жөнінде кеңес берді.