Құбыр дауы
Қыркүйектің 13-і күні «Азаттық» радиосының тілшілері мен басқа БАҚ өкілдері жаңадан салынған құбырлар арқылы ауыз сумен қамтамасыз ету жағдайын түсіндіру туралы өтінішпен Алматы облысының Ашықбұлақ ауылдық округінің әкімі Мейірманов Ерлан Сайранұлына барады. Бұған тұрғындардың жаңадан тартылған су құбырларымен ауыз су емес, техникалық судың беріліп жатқандығына шағымданғандары себеп болған.
Ауылдық округ әкімінің орынбасары ауылда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, стандарттарға сәйкес келетін сертификаты бар жаңа ауыз су құбырлары салынғанын айтқан. Алайда, журналистер «ыңғайсыз» сауалдар қойып, жағдайға түсініктеме беруді сұраған. Е.Мейірманов, видеода жазылғандай, алдымен журналистерден қашып, кеңсесінде жасыруға тырысады. Содан соң «Азаттық» тілшісі Нұргүл Тапаева мен оның басқа да әріптестерін кеңседен итеріп шығарып, есікті жауып алады.
«Әділ сөз» қорының заң қызметінің осы жағдайға түсініктемесі:
Бұл жағдайда журналистің кәсіби қызметін жүзеге асыру құқығы мен ақпарат жинау құқығы бұзылған. Тиісінше, сайтты пайдаланушылардың «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңның 6-бабында көрсетілген құқығын шектеуге болмайды. Себебі ақпарат бюджет қаражатын пайдалану туралы. Журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтірілді.
Журналист лауазымды тұлғаны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 158 бабының 2-тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында осы факті бойынша алдын-ала тергеу жүргізуді талап етіп құқық қорғау органдарына жүгінуге құқылы. ҚР ҚК-нің 158-бабы – журналистің кәсіби қызметіне зорлықпен кедергі келтіру. Осы бап бойынша ең аз жаза - 2000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу, немесе 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, 3 жылға дейін белгілі бір лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылу жазасы қарастырылған.