Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы журналист Серікжан Мәулетбайдың дұрыстығын растады
«Art Asia» туристік компанияның талап-арызы бойынша Informburo.kz интернет-ресурсының тілшісі Серікжан Мәулетбайға шығарған сот шешіміне наразылық білдіретін апелляциялық шағымды Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы Мәлік-тегі Бақыт Мәлікұлының төрағалық етуімен қарады.
Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін қарап және тараптардың уәждерін тыңдап, мына қаулыны қабылдады: Алматы қаласының ауданаралықарнайы экономикалық сотының туркомпанияның талабын қанағаттандырмау туралы шығарған шешімі өзгеріссіз қалсын. Талапкердің апелляциялық шағымы да қанағаттандырылмасын.
Еске сала кетейік, «Как турфирмы разводят лохов-туристов, не преступая закон» (Informburo.kz, 29.11.2016 ж.) атты мақала сотқа жүгінуге себеп болған. Онда А. Скоробогатов пен Л. Ержованың бастан кешкен нақты оқиғасы баяндалған және мамандардың түсініктемесі берілген. Мақалада мысал ретінде басқакомпаниялармен бірге«Art Asia» ЖШС туралы да сөз болған.
Талапкердің пікірінше, мақала мен түсініктемелердің мазмұнында шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат берілген және ол компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтірген, сондай-ақ материалдық зиян тигізген. Атап айтқанда, мақаланы оқыған клиенттер туркомпанияға келіп, шартты бұзып, ақшаларын қайтаруды талап еткен-мыс. Сондықтан «Art Asia» ЖШС мақала мәтінінен ар-намысқа тиетін сөздер мен мәліметтерді және туркомпанияның атын алып тастауды, сондай-ақ компания берген мәтін бойынша терістеуді шығаруды талап еткен.