Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Митинг болған жоқ, бірақ журналистерді бәрібір ұстады

23 маусым 2018

М. Әбләзовтің 23 маусымда тегін білім беру үшін митингке шығуға үндеген күні полиция қызметкерлері ерекше белсенділік танытты.

Орал қаласында жергілікті «Уральская неделя» газетінің журналистері Нана Иксанова, Мария Мельникова, Людмила Калашникованы және басылымның редакторы Лұқпан Ахмедияровты, сондай-ақ «Азаттық» радиосының БҚО бойынша меншікті тілшісі Санат Урналиевті таңнан бастап бірнеше қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде тергеудің астына алған. Журналистердің ойынша, полиция мен жергілікті МКД (мемлекеттік кіріс департаменті) қызметкерлерінің мұндай белсенділігі – қаланың орталық алаңында өтуі мүмкін митингпен байланысты екен. Бірақ журналистердің өзі оны жуырда ғана полиция қызметкерлерінен білген.

– Осы оқиғадан 1-2 күн бұрын біздің кейбіреуімізге полиция мен прокуратура қызметкерлері келіп, алаңда митинг өтуі мүмкін екендігін айтқан болатын, - деді Лұқпан Ахмедияров. – Және оған қатысу заңсыз болатынын ескерткен. Бірақ олар БАҚ туралы заң бойынша журналист өзінің қызметтік куәлігін көрсетсе, ондай шаралардың кез келгеніне қатысуға құқы бар екенін айтуды ұмытып кетті. Оқиға туралы ақпарат беру – біздің жұмысымыз. Әрине, алаңда өтуі мүмкін митинг туралы полиция қызметкерлерінен естіген соң, мен сол оқиға туралы ақпарат беру үшін өзімнің тілшілерімді сонда жібердім.

Алаңда журналистертің әрқайсысына полиция формасын киген адам келіп, оларды куәгер ретінде тергеуге шақырған қағаз табыс етілген. Ең қызығы, тергеу – митинг өтетін уақытқа белгіленген. Полиция қызметкерлері журналист қыздармен әдепті сөйлесіп, артық қылық көрсетпесе, Санат Урналиевпен онша бәлсінген жоқ. Оған шақыру қағазын тапсыра салысымен, журналистің телефонын тартып алып, оның өзін қолтықтап «Газель» машинасына алып келіп, күштеп тиеп әкеткен.

Нана Иксанова мен Мария Мельниковаға шақыру қағазын тапсырған соң, оларды да ІІД-ге (ДВД) жеткізген. Ал Лұқпан Ахмедияровты полиция қызметкерлері тіпті үйінің жанынан қолтықтап әкетіп, полиция машинасына отырғызған. Бірақ полиция қызметкерлері Лұқпанның бірде бір сұрағына жауап бермеген. Олар оны үндеместен полицияның қалалық бөліміне әкеліп, кабинеттердің біріне отырғызып қойған. Сол жерде оған зейнеткер Бакиза Халелованың ісі бойынша куәгер ретінде шақырылғанын хабарлаған. Алайда Ахмедияровқа, бәрібір, шақыру қағазын табыс еткен жоқ. Қалалық полиция бөлімінде журналисті сағат 11-ге дейін ұстайды, содан кейін оған «тергеуші сізбен жолыға алмайтын болды» деп босатып жіберген. Журналист полиция бөлімінен шыға салысымен, оған жергілікті МКД қызметкері қоңырау шалып, ойын автоматтарына қатысты ашылған қылмыстық іс бойынша сағат 12-де куәгерлік көрсету беруге шақырады. Осы іске қатысты шақыру қағазын ол жақында ғана алады. МКД-нің ғимаратына келгенде, Ахмедияров «Уральская неделя» газетінің тағы бір қызметкерін кездестіреді. Людмила Калашникованы да осы іс бойынша МКД-ға куәгер ретінде көрсету беруге шақырыпты.

– Полиция мен МКД қызметкерінің іс-әрекеттері – рұқсат берілмеген митингке журналистер қатыспау үшін әдейі істеліп отырғанына сенімдімін, - деп түсініктеме берді Лұқпан Ахмедияров. – Айтпақшы, ол митинг, бәрібір, болмай қалды. Формалды түрде бізді қамауға алған жоқ, тек куәгер ретінде тергеуге шақырды. Полиция егер басқа істерді де осындай қарқынмен істесе, бізде ашылмаған қылмыстар қалмас еді. Қарап отырсаңыз, полицейлер өзінің кәсіби мерке күні де жұмыс істеген. Және қандай қажырлықпен!

Сағат үштерге таманНана Иксановамен Мария Мельникованы ІІД-ден босатып жібереді. Бірақ шыға берісте оларға басқа қылмыстық іс бойынша қалалық полиция бөліміне келу керек деген шақыру қағазы табыс етіледі. Ахмедияров МКД-да көрсету берген соң, оны ІІД-ге тергеуге алып кетеді. Ал Людмила Калашникованы босатып жіберген.Санат Урналиев туралы әлі мәлімет жоқ. Оның телефонына қоңырау түсіп тұрғанымен, бірақ журналист телефонды көтермейді. Нана Иксанова мен Мария Мельникова кешкі сағат 18-ден кейін ҚІІД-ден шыққан.

Алматыда Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның журналисі Андрей Свиридов ұсталып, Медеу АІІБ-ге жеткізілді. Астанада Азаттық радиосының тілшісі Мәди Бекмағанбет ұсталды, бірақ құжатын тексерген соң, оны босатып жіберген. Ақтөбеде қалалық әкімдіктің жанында «Диапазон» газетінің журналисті Бағдат Асылбекті ұстап, Илек полиция бөліміне жеткізген.

 

 

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз