Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Зорлап шақыру

12 маусым 2018

«Ақ Жайық» газетінің журналисі Мұрат Сұлтанғалиев Тараздың тұрғыны осыдан 8 жыл бұрын Атырауда адам өлтіргені үшін соттың оған үкім шығарғаны туралы мақала жазған. Журналист өз мақаласын жазған кезде, Атырау облыстық соттың баспасөз хабарламасына және осы мекеменің баспасөз қызметкерінің «сотталған адам кінәсін мойындап, полицияға өзі келді» деген нақытылауына сүйенген.

Атырау облыстық ІІД (ДВД) басшылығы мақалада жазылған тұжырыммен келіспейді. ІІД басшылығының айтуынша, қылмыс полицияның жедел қызметкерлерінің күшімен ашылған, ал журналист шындыққа сай келмейтін ақпаратты жариялап, «БАҚ туралы» Заңның 21-бабының 2-тармағын бұзған.

Телефонмен әңгіме барысында, ІІД-нің баспасөз хатшысы Назымгүл Қайсағалиева журналисті – демалыс күніне қарамастан, істің ақ-қарасын анықтау үшін өз мекемелеріне келуге шақырады. Ізінше телефонды алған ІІД бастығының бірінші орынбасары Хамза Үмбетқалиев «егер келмесеңіз, шақыру қағазынмен тергеуге шақырамыз», - деп ескертеді.

Журналист «тергеуге» бармайды, бірақ полиция басшылығының «қылмысты өз күшімізбен аштық» деген позициясын жариялайды.

«Әділ сөз» қорының түсініктемесі:

 

Егер полиция қызметкерлері өзінің мүліктік емес құқығы бұзылды деп санаса, онда олар «арнайы шақырту қағазымен әңгімеге шақырамыз» деп қызмет бабын пайдаланып, журналисті қорқытпай, сотқа шағымдануы керек. Айтпақшы, заң шығарушылар «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңның 21-бабы 2-тармағын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырмаған.

Шақыру қағазымен қалай шақыру керектігі туралы ереже Қылмыстық іс жүргізу кодексінде жазылған және онда процессуалды мәртебесі жоқ адамды полиция шақыру қағазымен алдыра алады деген бап жоқ. Басқаша айтқанда, сотқа дейінгі тергеу ісі ашылмайынша, заң бойынша, полиция қызметкерлері ешкімге шақыру қағазын жібере алмайды.     

Айтпақшы, халықаралық стандарттар бойынша, ІІД-нің «демалыс күні бізге келіңіз» деген талабы азаптауға теңестіріледі.

 

 


Өз сұрағыңызды қойыңыз