Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

«Ratel.kz»: жұмыс істей ме әлде жабыла ма?

6 сәуір 2018

Ratel.kz желілік басылымның штаттан тыс тілшісі Вадим Борейко фейсбуктегі өзінің парақшасында былай деп хабарлады:

«5 сәуірде Алматы қаласының Медеу аудандық сотында судья Гүлмира Бейсенова Медеу ауданы прокурорыныңRatel.kz сайтының бас редакторы Марат Әсіповтің үстінен берген азаматтық талап-арызы бойынша тараптардың алдын ала тыңдауы өтті, атап айтқанда: прокурор Ratel.kz желілік басылымды тіркеу туралы куәліктің күшін жоюды/Ratel.kz-ның шығуын тоқтатуды және Ratel.kz мен Balborsyk.kz домендік аттарды интернеттің қазақстандық сегменті кеңістігінде бір жыл бойы пайдалануға және осы аттарды қайталауға тыйым салуды, сондай-ақ М. Әсіповке Ratel.kz және Balborsyk.kz порталдардың атымен ақпараттық материалдар таратуға тыйым салуды сұраған арызы бойынша әңгімелесу өтті.

Талап-арыздың мәнісі мынада: прокуратураның пікірі бойынша, «Интернеттің қазақстандық сегменті кеңістігінде домендік аттарды тіркеу, пайдалану және бөлу ережелері» нормалары бұзылған. Атап айтқанда, прокуратура келесі бұзушылықтарды тапқан:

- Ratel.kz доменінің иесі Геннадий Бендицкий қайтыс болған соң да, жарияланымдар сол домендік атпен шығып жүрген;

- Ratel.kz меншік иесінің құқықтарын Balborsyk.kz-ға берген;

- Ratel.kz интернет-ресурстың аппараттық-бағдарламалық кешені ҚР-дан тыс жерде орналасқан;

- Ratel.kz-ның тіркеу куәлігінде тек орыс тілі көрсетілгенімен, мақалалар қазақ және ағылшын тілдерінде шыққан.

Талапкер жағынан Медеу аудандық прокуратураның өкілі, ал жауапкер тарапынан Марат Әсіпов иесі болып табылатын «Қазақстан» ЖК-ның адвокаты болды. Үшінші жақ ретінде Ақпарат және коммуникация министрлігі, сондай-ақ Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі тартылды. Дәурен Абаевтың мекемесінің өкілі алдын ала сөйлесуге қатысты, бірақ екінші мекеменің өкілі болған жоқ».

Еске саламыз:

2017 жылы 4 сәуірде сот Ratel.kz, Forbes.kz және В. Процентов экс-қаржы және мемлекеттік кіріс министрі Зейнулла Кәкімжанов пен оның ұлы Ильхалид Кәкімжановқа келтірген моральдық зиянның өтемақысы ретінде 50 млн. 200 мың теңге төлеуге тиіс деген шешім шығарды;

2018 жылы 19 наурызда Ratel.kz ақпараттық ресурсы «домендік атты тіркеген адамның байланыс мәліметтері актуалдығын жоғалтқандықтан» бұғатталды (Ratel.kz домендік ат Геннадий Бендицкийге тіркелген. Журналист 2017 жылы 3 желтоқсанда ауыр сырқаттан қайтыс болды);

2018 жылы 26 наурызда Геннадий Бендицкийдің ұлы Олег Ratel.kz домендік атты өз атына қайта тіркеді. 28 наурызда Прокурор жоғарыда аталған талаптармен сотқа арыз түсірді. Талап-арыздың орындалуының кепілі ретінде прокурор Ratel-ді кез келген домендік атпен шығаруды тоқтатуды сұрап өтініш жасады. 30 наурызда судья Г.Р. Бейсенова прокурордың өтінішін қанағаттандырды.

Сонымен бір уақытта экс-министр Зейнулла Кәкімжановтың «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген талап-арызы бойынша Ratel.kz мен Forbes.kz журналистерінің үстінен тергеу әрекеттері басталды (ҚР ҚК 274-бабы 3-тармағы – Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған).

 

 

 

 

Өз сұрағыңызды қойыңыз