Сот Әсет Матаевтың жазасын жеңілдетуді сұраған өтінішін қанағаттандырмады
16 наурызда Қапшағай қаласында сот – ҚазТАГ-тың Бас директоры Әсет Сейітқазыұлы Матаевтың жазасын жеңілдетуді сұраған өтінішін қарады.
Ә. Матаевтың жақындары Әсетті жалпы режимдегі колониядан қоныс аудару колониясына көшіреді деп үміттенген еді. Колония әкімшілігі де Ә. Матаевқа оң мінездеме беріп, оның өтінішін қолдаған болатын, прокурор да қарсылық білдірмеді. Алайда судья кеңесу бөлмесінде ұзақ болып, одан шыққан соң, ешқандай түсініктеме бермей, «қанағаттандырылмасын» деп өз шешімін қысқа қайырды.
Бұрын белгілі болғандай, журналист Әсет Матаев 2016 жылы 3 қазанда алаяқтық жасады-мыс деген айыппен бес жыл бас бостандығынан айыру жазасына сотталған болатын. Бірақ ол өзіне тағылған айыптарды барлық баптары бойынша мойындамай, өз кінәсін да толығымен мойындаған жоқ. Бірқатар халықаралық журналистік және құқық қорғау ұйымдары бұл қылмыстық қудалау мен соттың үкімін тапсырыспен істелген және саяси астары бар іс деп таныды.