«DAT-ты» тағы соттап жатыр
05.02.2018
5 ақпанда Алматы қаласы Жетісу аудандық сотында Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының (ҒЗИ) директоры Диляра Қайдарованың «Общественная позиция» газетінің («DAT» жобасы) иесі мен қызметкерлерінің, сонымен бірге Онкология және радиология ҒЗИ қызметкері Шнаргүл Талаеваның үстінен берген талап арызы бойынша істі қарауға дайындық өтті.
Институт директоры «Раковое преследование доктора» атты мақалада («Общественная позиция», 26.10.2017 ж.) жауапкерлер ол туралы «жағымсыз, намысқа тиетін және кемсітетін формада шындыққа сай келмейтін мәліметтерді таратып, оның «әлеуметтік маңызы бар» атына кір келтірген, сондай-ақ «білікті дәрігер, академик және басшы деген беделін түсірген» деп санайды.
«Қатерлі қудалау» («раковое преследование»…) деген сөз тіркесі – менің заңды ғана бұзып емес, директор ретінде маған жүктелген міндеттерімді орындау барысында мен этикалық нормаларды да бұзып жүрмін дегенді білдіреді», деп жазылған талап-арызда.
Академик Диляра Қайдарованың пікірінше, мақала авторы және редакция оны жемқорлық құқық бұзушылыққа барды деп, нақты айтар болсақ, институт қызметкері Шнаргүл Талаеваны қудалады, агенттік іс-әрекеттер ұйымдастырды деп айыптаған.
Талапкер терістеуді шығаруды, жария түрде кешірім сұрауды және моральдық зиянның өтемақысы ретінде 10 млн. теңге төлеп беруді талап етіп отыр.
Бұдан бұрын Диляра Қайдарова өзінің талабын қамтамасыз ету мақсатымен жауапкерлердің мүлкін тұтқынға алуды сұрап өтініш түсірген болатын. Сот бірақ ол өтінішті қанағаттандырмай тастады.