Областық сот полиция қызметкерінің «Уральская неделя» газетіне қойған талабын қайтадан қанағаттандырды
Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасы «Журналистік бастама» ЖШС-ның және «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямованың полиция майоры Данияр Рақышевтің ар-намысына тиіп, іскерлік беделін қорлады деген іс бойынша шығарған сот актілерін қайта қарауды сұраған апелляциялық шағымын қайтадан қарады.
Еске сала кетейік, 2017 жылы 29 тамызда ҚР Жоғарғы соты Орал қаласының №2 сотының 19.10.2016 жылы қабылдаған шешімін және Батыс Қазақстан облыстық соттың 27.12.2016 жылы шығарған қаулысын өзгертіп, бұл іс басқа құрамда қаралсын деп облыстық сотқа жіберген болатын.
18 қазанда облыстық сот Данияр Рақышевтің талабын қайтадан қанағаттандырып, жарияланған мәліметтердің жалған екенін және намысқа тиетінін растап, газетке «теріске шығаруды» жариялауды міндеттеді. Сот бірақ, сонымен бірге, моральдық зиянның ақшалай өтемақы мөлшерін азайтып, «Журналистік бастама» ЖШС төлейтін соманы 2 млн. теңгеден 200 мың теңгеге дейін, ал Тамара Еслямова 1,5 млн. теңгеден 100 мың теңгеге дейін төмендеткен қаулы шығарды.
Жауапкер бірақ бұл қаулымен келіспей, Жоғарғы сотқа шағымданайын деп отыр.