Сейітқазы Матаев БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне шағымданды
Сейітқазы Матаевтың денсаулығы әлі қауіп тудырып отыр. Оның диагнозы «ІІІ дәрежелі артериалды гипертония, IV дәрежелі қауіп, гипертоникалық кризисті» көрсетіп тұр және жоғары қан қысымы да төмен түспей тұр. Бұдан тыс, оған хирургиялық ота жасау керек. Қазір Сейітқазы Матаев ЛА 155/14 мекемесінің медициналық бөлімінде жатыр.
«Менің Біріккен Ұлттар Ұйымыныңазаптауға қарсы комитетіне шағымдануымның себебі, БҰҰ – адам құқы мен адамның денсаулығына басымдық береді, әсіресе түрмелерде. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі ретінде Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясын, Азаптауға қарсы конвенцияны және басқа да халықаралық пактілер мен шарттарға қол қойып, ратифициялаған. Сондай-ақ,Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі ретінде өз елінің аумағында Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясы мен Азаптауға қарсы конвенцияның талаптарының бұзылуына жол бермеуге және оның талаптардымүлтіксіз орындауға міндеттеме алған», - деп жазады С.Матаев арызында.
Оның үстіне ол өзінің денсаулығы мен өмір сүру құқығының бұзылып отырған фактілерді нақты келтірген.
«Мен түрмеде 2016 жылдың 22 ақпанынан бері отырмын. Осы кезден бастап инсульт алдындағы жағдайдамын. Менің диагнозымды Алматы қалалық кардиологиялық орталық та растай алады. Мені ол ауруханаға 2016 жылдың ақпан және сәуір айларында жедел жәрдем жеткізіп, емдеген болатын. Сонымен бірге менде Қазақстан Әділет министрлігіне қарайтын Сот-медицина орталығының сарапшылары берген (№71, 2016 жыл 6 мамыр), Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Онкология және трансплантология ұлттық орталығы берген (№4419, 2016 жыл 23 тамыз), «Медициналық апаттардың теміржол ауруханасы» АҚ деп аталатын орталық теміржол ауруханасы берген (№8152, 2016 жыл 12 қыркүйек) медициналық қорытындылар бар. Менің «ІІІ дәрежелі артериалды гипертония, IV дәрежелі қауіп, гипертоникалық криз» деген диагноздарымды жоғары санаттағы дәрігер-сарапшылар да растап отыр», - деп жазады ол өз хатында.
Қазіргі уақытта С.Матаев ЛА 155/14 мекемесінің медициналық бөлімінде жатып емделуде. Оның артериалдық қан қысымы жоғары екенін (200 де 100) 2017 жылы 18 қаңтарда медициналық картасында жазылған анықтама, сондай-ақ емдеуші дәрігер – терапевт К. Нұрахұнова растай алады. С.Матаевтың өзіне белгілеген жазаны айырбастауды сұраған өтініші бойынша өткен Қапшағай қалалық сот отырыстарында судья Ж. Жанболатов журналистің денсаулығына және оның бүйрегіне, миына ота жасау керектігін мүлдем есепке алған жоқ, сондай-ақ сот-медициналық сараптамаға және басқа да құжаттарға еш көңіл бөлмеді.
Керек десеңіз, С.Матаевтың емдеуші дәрігерін сот отырысына шақыртуды сұраған өтінішін де судья қанағаттандырмай тастады және судья оны «біз бүгін Матаевтың денсаулығын емес, оның – жазаны айырбастауды сұраған өтінішін қарап отырмыз» деп түсіндірді. 2017 жылы 19 қыркүйекте өткен Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасында Матаевтың адвокаттары судья Жантасовтың назарын сарапшы-дәрігерлердің берген қорытындысына аударғысы келген еді, бірақ одан да ештеңе шықпады.
Мұның бәрін азаптау деуден басқа амал жоқ.
«Менің түрмеде отырған 20 айым (2016 жылдың 22 ақпанынан бүгінгі күнге дейін) – адам құқығын бұзу және нағыз азаптау болып табылады. Менің диагнозыма және сарапшы-дәрігерлердің берген медициналық қорытындысына қарамастан, сондай-ақ мен қамауда және қылмыстық-атқару жүйесіне қарайтын мекемеде ұзақ отырған кезде бұзылған денсаулығымды түзетіп, операция жасату үшін білікті медициналық көмек те ала алмай отырмын», - деп жазады С.Матаев.