Лұқпан Ахмедияровтың үстінен қозғалған қылмыстық істің құрамында қылмыс болмағандықтан ол іс тоқтатылды
2017 жылы 28 қыркүйекте сотқа дейінгі тергеу органдары «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедияровқа билік өкіліне тіл тигізді деп айып таққан істі (ҚР ҚК 378-бабы 1-тармағы) жапты. Прокуратура бұл шешімді заңды деп тапты.
Еске сала кетейік, Лұқпан Ахмедияровтың «Әділ сөз» қорына хабарлауынша, ол сенбі күні 22 шілдеде қаладан алыс жерде жолда келе жатқанда, оның ұялы телефонына біреу қоңырау шалып, өзін «участкелік полиция қызметкері Тұрмановпын» деп таныстырып, журналисті бұдан бұрын жасаған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті үшін хаттама толтыруға шақырған. Журналист оған өзінің қаладан тыс жерде екенін айтып, дәл қазір келе алмайтынын сол кезде-ақ айтқан және онысын ол артынан тағы да қайталаған. Алайда қоңырау шалушы оның дереу жетуін талап ете берген соң, шыдамы таусылған Лұқпан оны «белгілі бір жерге жіберіп», әңгімені үзіп жіберген.
Осыдан кейін полиция қызметкері «Уральская неделя» газетінің редакторын ҚР ҚК 378-бабы 1-тармағы бойынша (билік өкіліне тіл тигізу) қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрап, Орал қаласының Ішкі істер басқармасына арыз түсірген. Ал 2017 жылы 29 шілдеде тергеу басталған.