Жанболат Мамай: «Біз тек өз міндетімізді ар-ұятымызға сәйкес адал орындадық»
Үкім шығарардың алдында 6 қыркүйекте өткен сот отырысында Жанболат Мамайдың соңғы сөзі тыңдалды.
Мамай өз сөзінде: «мен тұтқында өткізген 7 айда бәрін ой елегінен өткізіп, жағдайға басқа тұрғыдан қарауға жеткілікті уақытым болды. Біздің «Трибуна» газеті әрқашан тәуелсіз басылым болды, нені қалай жазу керектігіне қатысты ешкім бізге бұйрық та берген жоқ, редакциялық саясатқа да араласқан жоқ. Біздің қызметкерлер тек өздерінің жеке принциптерін басшылыққа алып, еліміз бен әлемде орын алып жатқан оқиғаларға өз позициясы мен көзқарастарын білдіріп келді.
Газет ешқашан ешкімнің саяси тапсырмаларын орындаған жоқ. Ол тек шындықты айтам деген адамдарға өз көзқарасын білдіруге, мінбер ретінде, мүмкіндік беріп отырды. Авторлардың арасында Қазақстанда құрметті мына адамдар болды: Төлеген Жүкеев, Гүлжан Ерғалиева, Толғанай Үмбетәлиева, Әміржан Қосанов және т.б.
2012 жылы біздің жоба іске қосылды, оған бірінші болып Төлеген Жүкеев көмектесті».
Жанболат Мамай өзінің ешқашан бизнеспен айналыспағанын және оған ұмтылмағанын атап өтті. 2013 жылы Жәрімбетовтен алған көмек – өтеусіз көмек болды, себебі Жәрімбетовтің өзі ақшаны азаматтық қоғамды қолдауға және дамытуға беріп отырғанын айтқан болатын. Жәрімбетов ешқашан газеттің саясатына араласқан жоқ және редакция оған тәуелді болған емес. Егер Жәрімбетов ақшаның ізін жасырғысы келсе, ол бизнесмен ретінде оның көптеген басқа жолдар табар еді, бірақ ол оны газет арқылы істемес еді, себебі газеттен оған бір тиын да қайтқан жоқ. Барлық қаражат газет шығаруға жұмсалды.
- Біз тек өз борышымызды ар-ұятымызға сәйкес адал орындадық. Тәуелсіз БАҚ-тар дамып, азаматтарға өз тауқыметтерін ашық айтуға мүмкіндік беруі керек, - деді Ж.Мамай.
Жанболат өзіне қолдау білдірген және әлі де қолдап отырғандардың бәріне алғыс айтты. Және ол елімізде азаматтық қоғамның дамуына бар күшін салатынына сендірді.
Үкім 7 қыркүйекте сағат 12.00-де жарияланады.