Орал қаласында журналистің шенеунікті сотқа берген арыз бойынша сот өтетін күн белгіленді
«Уральская неделя» газетінің тілшісі Ақмарал Шаяхметова сот өтетін күнді өзінің қалта телефонына түскен СМС-тен білді. Онда: «соттың істі қарауы дүйсенбіге, 11 қыркүйекке белгіленді. Сот мәжілісі сағат 11.30-да басталады, оны №2 Орал қалалық сотының судьясы Шынаргүл Шайдиева жүргізеді» деп жазылған.
Еске сала кетейік, Ақмарал Шаяхметова Тұрғын үй-коммуналды шаруашылық (ТҮКШ- ЖКХ) бөлімі және Орал қаласы тұрғын үй инспекциясы қызметкері Асхат Шадияровтың үстінен арыз берген. Журналистің айтуынша көп қабатты үйдің тұрғындарымен кездесуге журналистер мен ЖКХ қызметкерлері шақырылған. Кездесу барысында журналист шенеуніктен ақпарат беруді сұраған, бірақ ол «мен ол ақпаратты басқа басылымға беріп қойдым» деген сылтаумен ақпарат беруден бас тартады.
- Мен оның артынан диктофонымды қосып қойып біраз жүгірдім, ал ол болса, мен жаққа қарамай, тез жүрген қалпымен өз машинасына отырып кетіп қалды, - дейді Ақмарал Шаяхметова. – Шенеунік осылайша Конституция мен БАҚ туралы заңның бірнеше бабын бұзып отыр. Менің ойымша, ол оны түсініп те отырған жоқ сияқты. Біз бәріміз Қазақстанда тұрамыз және өз еліміздің заңдарын білуіміз керек. Ал заңды білмеу – жауапкершіліктен босатпайды.