Жанболат Мамайдың соты: үшінші күн
22 тамызда Жанболат Мамай көрсетулер берді.
Ол Әбләзовтің өзімен бетпе бет жолықпағанын тағы да растады, ал БТА Банкке қатысты іс қозғалған кезде ол бар-жоғы 17 жаста болып, мектепте оқып жүргенін айтты.
Ол 2011 жылы тәуелсіз қоғамдық-саяси газет ашқысы келген. Бірақ оған қаржы жетіспеді. Міне сол кезде Жәрімбетов қаржылық қолдау көрсетіп, бір жылдың ішінде газет өзін өзі ақтайтын жағдайға жетуіне көмектесетінін айтқан.
Бұл көмек бір жарым жыл бойы жалғасты, содан кейін газет өзін өзі ақтайтын жағдайға жеткен.
Прокурордың «сіздің Австрияға сапарыңыздың жолақысын кім төледі?» деген сұрағына ол «өзім» деп жауап берді. Прокурор онымен келіспей, Жәрімбетов пен Мамай арасындағы хат алмасулардың бірінде Жақсылық Жәрімбетов осы сапардың жолақысын өзі төлеп беретінін айтқан. Сондай-ақ прокурор бұл ақпараттың тергеу барысында тәркіленгенгаджеттер мен оргтехникада бар екенін атап өтті. Адвокаттар бұған нарызылық білдірді.
Прокурор өз сөзінде: газеттің негізі мазмұны М. Әбләзовке арналды дегенге баса назар аударғысы келді. Мамай бірақ онымен келіспей, газет өзінің 24 бетінде елімізде және әлемде орын алып жатқан барлық маңызды оқиғаларды қамтып отырды, деп қарсы пікір білдірді.
Жанболат бірақ газет шығару үшін Жәрімбетовтен қаржылай көмек алып тұрғанын мойындады, алайда ол оны ұрланған ақшаның ізін жасырумен байланыстырған жоқ, себебі ол Жәрімбетовтің БТА Банктің топ-менеджерлерінің бірі екенін кейін білген. Сонымен бірге Мамай: «мен Жәрімбетовпен танысқан кезде, Жақсылық БТА Банкте жұмыс істемейтін және ол 2012 жылдан бері Әбләзовпен барлық қарым-қатынасын үзген болатын» деді.
Жәрімбетовтің қамауға алынғанын ол 2017 жылдың қаңтарында естіген.
Ал прокурордың «сіз Жәрімбетов ақшаны қайдан алғанын білдіңіз бе?» деген сұрағына, «мен оған мұндай сұрақ қойған жоқпын, себебі ондай сұрақ этикаға жатпайды» деп жауап берді.
Жәрімбетовтің көмегі тегін болды, ол өз ақшасын кейін қайтаруды талап еткен жоқ, ол өзінің осы жобасын азаматтық қоғамды және тәуелсіз баспасөзді дамытуға қосқан үлесім деп санаған.
Судья адвокаттардың Әміржан Қосановтан жауап алуды сұраған өтінішін қанағаттандырды.
Қосанов өзінің мамандығы журналист екенін айтып, «мамандығыма адалдығымды сақтап келем» деп, Мамайдың «Трибуна» газетіне «Апта – Қосановтың көзқарасымен» деген айдармен газеттің әр санына бір беттік материал беріп тұруға келісіпті. Қорғаушылардың «сіздің не жазатыныңызға Мамай араласты ма?» деген сұрағына «ешқашан араласқан жоқ, себебі біздің арамызда тек іскерлік қарым-қатынас болды» деп жауап берді. Әміржанның «газеттің артында кімдер тұр?» деп сұрағанда, Жанболат оған «бұл – бизнестің ақшасына шығып жатқан газет, сондықтан барлық тақырыптарды жаза беруге болады» деп жауап берген.
Ал Қосановтан «сіз Әбләзов туралы жаздыңыз ба?» деп сұрағанда, ол оған «иә» деп, Әбләзовті өзінің жеке танитынын айтты. Қосанов тіпті ол туралы сыни мақала да жазған екен және ол өз мақалаларының бірінде Әбләзовтен өзіне тағылған айыптардың барлық баптары бойынша жауап беруді сұраған.
Қосанов, сондай-ақ, Мамайдан Әбләзовтің осы газетке демеушілік жасайтынын да ешқашан естімегенін айтты. Әміржан өзінің көрсетулерінің соңында бүгінгі сотты: «осы процестің артында тұрған адамдардың масқарасы» деді.
Адвокаттар Жәрімбетовтен қосымша жауап алуды және Ермұрат Бапиді де сотқа шақыруды сұрады. Судья ол өтініштерді қанағаттандырып, 24 тамызда өтетін сот отырысына олардың келуін қамтамасыз етуге өкім берді.