Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Тамара Еслямованың полицейді кемсіткен ісі Жоғарғы сотта қаралады

17 тамыз 2017

 «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямованың полиция майоры Даниар Рақышевтың ар-намысы мен қадыр-қасиетін қорлауға қатысты ісі 29 тамызда ҚР Жоғарғы сотында кассациялық тәртіппен қаралады.

Еске сала кетейік, бұл даудың басқы себебі 2016 жылы 21 мамырда орын алған оқиға болды. Сол күні Тамара Еслямоваға «заңсыз ұйымдастырылған митингке қатыстың» деп әкімшілік айыппұл салған болатын. Сол сотта бас редактор аталмыш митингке қатыспағанын және, одан бетер, оны ұйымдастыруға еш қатысы жоқ екенін дәлелдейтін көптеген құжаттық айғақтар келтірген еді. Алайда судья оларға көңіл аудармай, әкімшілік хаттамалар мен куәгер-полицейлердің көрсетулерін ғана негізге алған болатын.

Бұдан кейін 25 мамырда Т. Еслямова «Майор Рақышев сияқтылар неден қорқады?» деген мақала жариялайды. Онда журналист: сот отырысы аяқталып, оған «рұқсат берілмеген митингке қатыстың-мыс» деп айыппұл салған соң, оның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған майор Д. Рақышев келіп, өзін кешіруді және қарғамауды сұрағанын жазған. Алайда мақала шыққан соң полицей журналисті сотқа берген. 2016 жылы 19 қазанда Орал қалалық соты полицейдің арызын ішінара қанағаттандырған.

Сот шешімі бойынша жауапкер – «Уральская неделяның» бас редакторы Тамара Еслямова және газетінің құрылтайшысы – «Журналистік бастама» ЖШС 30 күннің ішінде газетте шыққан мәліметтің жалған екенін жариялап және полиция қызметкерінің моральдық зиянының орнын толтыру үшін оған жалпы сомасы 3,5 млн. теңге төлеуі керек болды (құрылтайшы – 2 млн теңге, бас редактор – 1,5 млн теңге). 2016 жылы 27 желтоқсанда апелляциялық саты бұл шешімді өзгеріссіз қалдырады. Жауапкерлер мұнымен келіспей Жоғарғы сотқа шағымданады.

Жоғарғы соттың судьясы Марина Боровик іс материалдарын зерттеп, «Журналистік бастама» ЖШС-ның директоры Лұқпан Ахмедияров пен «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Тамара Еслямованың өтінішін Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі алқа отырысында қарауға негіз бар деген қорытындыға келді.


«Әділ сөздің» түсініктемесі:

Жоғары соттың судьясы өзінің қаулысын: жіберілген процессуалдық қателіктерді мұқият зерттеумен және ұлттық заңнамаға сілтеме жасаумен ғана түсіндірмей, халықаралық құқық нормаларына сілтеме жасағаны да қуантады. Бәлкім, біздің елдің сот тәжірибесінде бірінші рет М. Боровиктің қаулысында: «көпшілікке қызмет ететін лауазымды тұлғаларды сынау – жеке адамдарды сынағаннан гөрі әлдеқайда кең қолдануы мүмкін» деп көрсетіліп отыр.

ҚР Жоғары сотының азаматтық істер жөніндегі алқа отырысында Тамара Еслямованың мүддесін «Әділ сөздің» заңгері Тамара Симахина қорғайды.




Өз сұрағыңызды қойыңыз