«Уральская неделя» газетінің редакторы Лұқпан Ахмедияровты елден шығармай қойды
16 тамызда белгілі оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров семинарға қатысу үшін Қырғызстанға жете алмай қалды.
– Біз Алматыға ұшып келдік, сол жерде автобусқа отырып, Қырғызстанға жол тарттық. «Қордай» шекара бекетінде маған «елден шығуға болмайды» деп, аяқ астынан мені кері қайтарып жіберді. Менің жолдастарым ары қарай кете берді, ал мен Алматыға келдім, содан соң Оралға қайттым, – дейді Лұқпан Ахмедияров.
Кейін белгілі болғандай, бұл проблема «Уральская неделя» газетінің қазіргі шығарушысы болып табылатын Тамара Еслямоваға қатысты сот шешіміне орай туындапты. Өткен жылы сот шешім шығарып, Еслямованы журналист ретінде полицейге келтірген моралдық зиянның орнын толтыруға міндеттеген. Еслямовамен бірге «Уральская неделя» газетінің редакциясы да ортақ жауапкер болған. Міне, осы жағдай Ахмедияровты елден шығармауға себеп болған екен.
– Менің ойымша бұл қызық жағдай, – дейді Лұқпан Ахмедияров. – Ортақ жауапкер ретінде жеке мені емес, газетті таныған. Ал маған осы газеттің редакторы болғаным үшін ғана «елден шыға алмайсың» дейді. Қазір біз бұл мәселені анықтауға тырысып жатырмыз. Облыстық прокуратураға, Әділет министрлігіне хат жаздық, Тамара Жоғарғы сотпен келіссөздер жүргізіп жатыр. Алайда әзірге мәселенің басы ашылған жоқ.