Сөз бостандығын қорғау халықаралық қоры
Международный фонд защиты свободы слова
The International Foundation for Freedom of Speech Protection

Жанболат Мамайдың соты: бірінші күн

18 тамыз 2017

18 тамызда «Саяси Қалам. Трибуна» газетініңбас редакторы Жанболат Мамайдың ісі бойынша бірінші сот отырысы өтті.

Сот прокурордың айыптау қорытындысын оқудан басталды, оның мәнісі: Әбләзов Ж. Мамайға Қазақстанда газет шығаруға ақша беріп тұрған. Содан кейін куәгерлерден жауап алу басталды.

Бірінші болып банк қызметкері сұралды, бірақ ол: журналист банкке қандай зиян келтіргенін анық дәлелдей алмады.

Екінші болып куәгер Жақсылық Жәрімбетовтен жауап алынды (БТА Банк басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары. 2017 жылы қаңтарда Түркиядан Қазақстанға әкелінген. Тергеуге белсенді түрде көмектескен және маусым айында БТА Банктің бұрынғы басшысы, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әбләзовтің ісі бойынша шартты мерзімге сотталған).

Жәрімбетовтің айтуынша, М. Әбләзов керек адамдарға ақша беріп тұру үшін оның атынан Алматыда банк ұяшығын (ячейка) ашқан. Ал адвокаттың «ол ақша қандай мақсатқа жұмсалғанын білесіз бе?» деген сұрағына, «жоқ, бірақ ол ақша газет шығаруға жұмсалған шығар деп ойлаймын, себебі мен ақшаны Ж. Мамайға беріп тұрдым» деп жауап берді. Одан кейін Жәрімбетов өз ақшасымен де газетке демеушілік еткен екен, себебі ол Жанболатты құрметтеп, елімізде тәуелсіз баспасөз болуы керек деп санайды.

Қорғаушының Жәрімбетовке «сіз Әбләзовтің газетке қанша ақша жұмсағанын және сіздің қанша сомаңыз кеткенін айта аласыз ба?» деген сұрағына жауап бере алмай, «оданша прокурор маған жетектеуші сұрақтар қойсын!» деген өтініш жасады. Сол кезде прокурор одан: «сіз банктен қанша ақша ұрланғанын білесіз бе?» деп сұрағанда, куәгер нақты жауап бере алмады, себебі ол оны білмейді екен.

Үшінші куәгер Жәрімбетовтің қарындасы ағасы жоғалып кеткен 2017 жылдың қаңтарында Жанболатпен танысқанын айтты. Ол Ж. Мамайдан жақсы адвокаттар тауып беруді сұрапты. Кейін ол бұл мәселені өзі шешіп, одан соң Мамаймен кездеспепті.

Ал «сіз ақшаны кімге бердіңіз?» деген сұраққа, «күйеуім арқылы банк ұяшығынан төрт немесе бес рет жиырма мың доллардан біреуге бердім. Бірақ ол кезде оның кім екенін білген жоқпын. Ақшаны маған ағам қажет болатын шығындарға тастап кеткен» деп жауап берді.

Есте қаларлығы, 14 тамызда өткен дайындық отырысынан соң, судья адвокаттардың сотты үлкен залда өткізуді сұраған өтініштерін қанағаттандырды. Бақылаушылар мен БАҚ өкілдері үшін көрші залда монитор арқылы тікелей көрсетілім ұйымдастырылды. Бірақ оның дыбысы нашар болғаны соншалық, кімнің не деп жатқанын түсіну өте қиынға соқты.

Келесі сот отырысы 21 тамызда сағат 15-те Алматы қаласы Медеу ауданының қылмыстық істер жөніндегі №2 сотында өтеді.


Өз сұрағыңызды қойыңыз