Оралда «Азаттық радиосының» тілшісі Санат Урналиевке қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды
11 тамыз күні түнде орын алған төбелеске қатысты Санат Урналиевтің үстінен «Бұзақылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Журналист бірақ төбелесті біреулер арандату үшін әдейі ұйымдастырғанына сенімді.
Санат Урналиевтің айтуынша сол түні Оралда, Кердери көшесінде оған екі жас адам келеді де, шатақ шығару үшін әдеттегідей «темекің бар ма?» деген «классикалық» әңгіме бастайды. Урналиевтің пікірінше бұл әңгіменің мақсаты біреу ғана: оны ашуландыру, себебі аналар әңгімені кәсіби тұрғыда сауатты жүргізген, бір шетінен, тиісуге себеп жоқ, бірақ, екінші жағынан, аналар әңгімені агрессивті, өшпенді түрде жүргізген.
Содан жағдай әбден ушыққан кезде, журналист ана екі жігіттің бірін шапалақпен тартып жібереді. Содан кейін төбелес басталып кетеді. Сол маңайдан табылған Санаттың екі танысы оларды ажыратып алады.
Келесі күні журналистің үйіне полиция қызметкерлері келеді. Сөйтсе, Урналиев шапалақпен тартып жіберген адам полицияға «мені сабап кетті» деп арыз жазыпты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша жәбір көрген Сергей Бакасовтың миы шайқалған.
– Бірақ мен оның миы шайқалғанын растайтын құжатты көрген жоқпын, алайда «оның оң жағы зақымданған» деген анықтама істе бар, - дейді Санат. – Бұл істегі ең қызығы, жәбір көрген адам полицияға менің төлқұжаттық және анкеталық мәліметтерімді хабарлапты. «Кезейсоқ жүргінші мені қайдан жақсы біледі?» деген сұрақ туындайды.
Мәселенің басын ашу үшін Санат Сергей Бакасовпен кездеседі. Сол жерде Сергей журналисті төбелеске арандытуды Орал казактары қауымының бірі - «Орал-Жайық казактарының» жастар қанаты жетекшісі Намик Байрамов сұрағанын айтып берген. Айтпақшы, Байрамовтың өзі де төбелес орын алған Кердери көшесінде болған. Санат Бакасовпен болған әңгімені диктофонға жазып алған. Екіеуара әңгіме барысында Сергей Бакасов өзінің арызын қайтып алғысы келетінін айтқан.
Алайда полиция: «сол күні Санат Урналиевтің үстінен тағы бір арыз түсті» дейді. Ол арызға сенсек, сол түні Урналиевтен Намик Байрамов та жәбір көрген екен.
– Мен Байрамовтың мұны қалай дәлелдейтінін түсінбеймін, себебі мен оған саусағымды да тигізген жоқпын,- дейді Санат Урналиев. – Ол өзінің таяқ жегенін растайтын ешқандай құжаты жоқ. Алайда, менің білуімше, бұл іс бойынша ол да жәбір көрген болып танылған.