Енді кешікпей жауап бересіздер!
Республикалық «Экспресс К» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Нұржан Баймұлдин қаржы пирамидасынан зардап шеккен салымшылар туралы мақала дайындап жатқан болатын. Бсында ол сотталған алаяқтардан зардап шеккендердің ақшасы өндірілгенін білейін деп Ақмола облыстық әділет департаментіне қарайтын сот орындаушылары басқарамасына ауызша өтініш жасайды. Бірақ ол жерден өзіне қажет ақпарат ала алмаған соң, тілші әділет департаменті жетекшісінің блогына ресми түрде сауал жолдайды. Алайда «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңда көрсетілген 3 күннің орнына, жауап төрт күннен кейін келеді.
Журналист ақпарат беру мерзімі бұзылғанына шағымданып, Ақмола облысы прокуратурасына арыз түсіреді. Бақылаушы мекеме арызды ҚР Әділет министрлігіне жолдайды. Көп ұзамай Әділет министрлігінің кадрлармен жұмыс істейтін департаментінен газеттің меншікті тілшісіне жауап келеді. Онда: заң бұзушылық орын алғаны расталып, өндірісті орындауды қамтамасыз ететін басқарама жетекшісіне ескерту жасалынғаны, ал құқықты түсіндіру бөлімінің басшысына сөгіс берілгені хабарланған.