«Алауыздықты қоздырды» деген іс бойынша қоғам қайраткері Олеся Халабузардың бостандығы екі жылға шектелді
1 тамызда «Жас кәсіпқойлар қоғамы» атты Республикалық қоғамдық бірлестіктің төрағасы Олеся Халабузардың үстінен «Ұлттық алауыздықты қоздырды» деген айып бойынша (ҚР ҚК 174-бабы, 1-тармағы) сот өтіп, оның шешемі де жедел түрде шықты. Алматы қаласы Алмалы аудындық сотының судьясы Бейнегүл Қайсина бір сағаттың ішінде істің мән-жайына көзі жеткен болып, азаматтық белсендінің бостандығын екі жылға шектеу туралы шешім шығарды.
Халабузардың айтуынша, ол бұл шешімге наразылық білдірмейді. Олай болса, шешім «автоматты» түрде күшіне енеді. Ал үкім заңды күшіне енгенше Халабузар ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүреді. Содан кейін үкім күшіне енген соң, ол 10 тәулік ішінде пробациялық бақылауда болатын жерге келіп, тиісті ережелерді сақтауға міндетті.
Айыптаушы жақтың пікірінше, бұрын сотталмаған 39 жастағы Алматы тұрғыны Олеся Халабузар «бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасаған». 2017 жылдың басында Халабузарда «үнпарақтар дайындау арқылы ұлттық алауыздықты қоздыратын тікелей қылмыстық пиғыл пайда болған. Себебі сол үнпарақтардың мәтінінде ұлтаралық алауыздықты, өшпенділікті қоздыратын белгілер болған және ол сол үнпарақтарды Алматы қаласы аумағында таратқысы келген». Айыптаушы жақтың айтуынша, Халабузар бұл үнпарақтарды «Жас кәсіпқойлар қоғамы» атты үкіметтік емес ұйымды басқарып тұрған биылғы жылдың ақпан айында өз офисінде әзірлеп, содан соң оларды Алматыда таратқан.
Сотта Олеся Халабузар өзінің өкініш білдіретінін мәлімдеп, тағылған айыпты формалды түрде мойындады. Сот қысқартылған түрде өтті, яғни жәбір көргендер мен куәгерлерден жауап алынған жоқ, бірақ ондайлар бұл істе онсыз да жоқ болатын.