Гүлзада Есмұрзиеваны «жала жапты» деп айыптаған іс тоқтатылды
26 шілдеде №2 Атырау қалалық соты азаматтық белсенді Гүлзада Есмұрзиеваның үстінен «жала жапты» (ҚР ҚК 130-бабы) деп қозғаған істі тоқтатты, себебі жеке айыптаушы, Атырау облыстық денсаулық сақтау комитетіне қарасты Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бас маманы Сүлеймен Әубекеров өзінің арызын кері қайтарып алды.
Бұдан бұрын С.Әубекеров Атырау облыстық прокурордың атына жазған арызында: қоғамдық белсенді «мен туралы ауыр жемқорлық қылмыс – пара алуы мүмкін деген күдік білдіріп, анықталмаған мәліметтерді таратып, мені жаман атқа қалдырды» деп айыптаған болатын.
Ал істің мәнісі мынада, Гүлзада Есмұрзиева денсаулық сақтау департаментінің (құрамында бас маман С.Әубекеров және маман Г.Қайралиева бар): «Достармед-Атырау» клиникасына қойған талабыңыз негізсіз» деп шығарған қорытындымен келіспей, облыс прокуроры Г.И.Тоғызбаевқа «басқа тәуелсіз тексерушіні белгілеуді» сұрап арыз жазған болатын. Сол арызында Г.Есмұрзиева: «пара алды деген менің күдігім күшейе түсті» деп жазған.
Оның ресми тұлғаға жазған шағымындағы болжамды С.Әубекеров «жала жапты» деп түсініп, Есмұрзиеваға айып тағуға әкеп соқты.
Мұндағы ескеретіні: жеке айып бойынша сотқа арыз түскен кезден екі күн өткен соң, Гүлзада Есмурзиева облыс прокурорының көмекшісі Е.Еділбаевтан ресми хат алады. Онда: айыпталушы талап еткендей, қайта тексеру жүргізілген кезде медициналық қате жіберілгені расталып, мекеме жетекшісіне ұйғарым шығарылды, ал дәрігер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп жазылған.