Кез келген сылтау тауып, Сейітқазы Матаевтың нақты мерзімін – бостандығын шектеу жазасына айырбастауға рұқсат бермей отыр
20 шілдеде Қазақстан Журналистер одағының басқарма төрағасы Сейітқазы Матаевтың бас бостандығынан айыру жазасын – бостандығын шектеу жазасына айырбастауды сұраған сот отырысы өтті. Заң бойынша мұндай шараны 15 мамырда қолдануға болатын, алайда сот отырысы үш рет кейінге қалдырылып, кеше ғана өтті.
Сот Қапшағай қалалық сотында өтуі керек еді. Бірақ оған бірнеше БАҚ журналистері келгені белгілі болған соң, оны аяқ астынан, Заречный поселкесіндегі колонияда көшпелі сот отырысы түрінде өткізетін болып шешті. Журналистер адвокаттармен бірге сол жаққа баруға мәжбүр болды.
Адвокаттар: сот отырысына журналистердің қатысуын сұраған еді, бірақ «сот – колония территориясында өтеді» деген себеппен БАҚ өкілдерін оған қатыстырмады.
Сот отырысы, бәрібір, өтті. Қорғаушылар С.Матаевың жазасын жеңілдететін көптеген құжаттарды – әділет департаменті берген: «келтірілген зиян өндіріліп жатыр» деген мәліметін, мүлкі қамауға алынды деген анықтаманы, түзеті мекемесі дәрігерінің «Сейітқазы Матаев ауырады және санитарлық бөлімде емделіп жүр» деген қорытындысын және түзеті мекемесі берген: мадақтауы бар мінездемені сотқа көрсетті. Колония әкімшілігі де: бас бостандығынан айыру жазасын – бостандықты шектеу жазасына айырбастауға қарсы болған жоқ.
Алайда прокуратура қарсы шықты. Қадағалаушы орган өкілдері «С.Матаев келтірген зиянды әлі өтеп болған жоқ» деген негізде жазаны айырбастауға қарсы болды.
Еске салайық, 2016 жылы 3 қазанда Астана соты Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаевты алаяқтық жасады және салық төлеуден жалтарды деп тауып, 6 жыл бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу жазасын кескен болатын. ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаевты да алаяқтық жасап, салық төлеуден жалтарғаны үшін кінәлі деп тауып, 5 жыл бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу түрінде жазаланған болатын. Екі айыпталушы да өздеріне тағылған айыптармен үзілді-кесілді келіспей, өздерінің кінәсіз екендігін мәлімдеген болатын.
2017 жылы сәуір айының басында түзету мекемесінің өтінішімен С.Матаевтың өтелмеген мерзімі жартысына, яғни 2 жыл 8 айға қысқартылған болатын.