Ratel.kz порталының бас редакторы Марат Әсіпов Павлодар облысының әкімдігін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды бұзғаны үшін сотқа берді
19 маусымда Павлодар қаласының азаматтық сотында судя Қайырбулат Кәрімов ratel.kz порталының бас редакторы Марат Әсіповтің ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Ораз Дүзденбаев пенПавлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Байтеновті сотқа берген талап-арызы бойынша тараптардың алдын ала кездесуін өткізді.
14 наурызда Марат Әсіпов Павлодар облысы әкімі Болат Бақауовқа 2012-2016 жылдары ауыл шаруашылық субсидияларын алғандардың тізімін, сондай-ақ потенциалды көмекқаржы алушылардың өтініштерін қарайтын комиссия мүшелерінің тізімін беруді сұраған хат жолдайды. 17 наурызда Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасының жетекшісі Ораз Дүзденбаев: мұндай өтініш нақты кәсіпкерлердің мүдделеріне ықпал ететіндіктен, біз ондай ақпаратты бере алмаймыз, деген мағынада жазбаша жауап береді.
18 наурызда порталдың бас редакторы Марат Әсіпов облыс әкімі Болат Бақауовтың атына сотқа дейінгі талап-арызын жолдап, онда: Ораз Дүзденбаевтың «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды бұзғанын көрсетеді. Алты күн өткен соң, яғни 24 наурызда бас редакторға Павлодар облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Байтенов қол қойған жауап беріледі, онда А. Байтенов те: сұралып отырған ақпараттың берілмейтіні туралы қайтадан айтқан.
Порталдың бас редакторы: Павлодар облысы әкімінің қарамағында жұмыс істейтін Ораз Дүзденбаев пен Азамат Байтеновтың іс-әрекеттері «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды өрескел түрде бұзу болып табылады деп санайды. Атап айтқанда, сол заңның 6-бабында жолма-жол былай деп жазылған: «денсаулық сақтау саласының, санитарияның, демографияның, көші-қонның, білім берудің, мәдениеттің, әлеуметтік қорғаудың, экономиканың, ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы, сондай-ақ қылмыстық ахуал туралы ақпарат – қол жеткізуге шектеу қойылмайтын ақпарат болып табылады». Оның үстіне осы баптың 5-тармағында «жеке және заңды тұлғаларға мемлекет беретін артықшылықтар, өтемақылар және жеңілдіктер туралы ақпаратқа – қол жеткізуге шектеу қойылмайды» деп көрсетілген.
30 наурызда Марат Әсіпов Павлодар қаласының сотына талап-арыз түсіріп, онда Ораз Дүзденбаев пен Азамат Байтеновтың іс-әрекеттерін заңсыз деп тануды және 2012-2016 жылдары ауыл шаруашылық субсидияларын алғандардың тізімін, сондай-ақ потенциалды көмекқаржы алушылардың өтініштерін қарайтын комиссия мүшелерінің тізімін беруді міндеттеуді соттан сұрайды.
Іс бойынша негізгі сот қарауының басталуы 27 маусымға белгіленді.