Жанболат Мамайды қорғау Комитеті тұтқында отырған журналиске араша түсуді сұрап ҚР президентіне хат жолдады
6 маусымда «Трибуна. Саяси Қалам» газетінің бас редакторын қорғау КомитетіҚазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдап,журналисті қудалауды тоқтатуды сұрады.
Хаттың авторлары Ж.Мамайға қатысты кінәсіздік презумпциясы бұзылғанын және оны қамауда ұстауға нақты негіздер жоқ екенін еске салды.
Үндеуге қол жинау – Алматыдағы «Қазпошта» АҚ-ның бас бөлімі ғимараты жанында өтті және хат та сол жерден жіберілді. Құжатқа қол қоюға Жанболат Мамайды қорғау Комитетінің мүшелері мен қолдаушылары – барлығы 37 адам келді.
Жанболат Мамайдың өзі жақында тергеу изоляторынан жолдаған хатында: өзінікінен де ауыр айыптар тағылған күдіктілер: кетіп қалмау жөнінде қолхатпен жүргенін айтқан болатын.
«Менің қамауда отыру мерзімімді тағы бір айға созды. Енді қызық жағдай қалыптасты. БТА-банктің барлық топ-менеджерлері тергеу кезінде үйлерінде болды. Оларға бұлтартпау шарасы ретінде – кетіп қалмау жөнінде қолхатпен жүру шарасы қолданды. Бірақ оларға менікіне қарағанда әлдеқайда ауыр қылмыстар тағылып отыр. Олардың «ресмилендіріп» барып, елімізден шығарған ақшалары миллиардтаған долларды құрайды.
Ал мен болсам, биліктің болжамы бойынша, бар-жоғы 110 мың долларды «ресмилендіргем», ал одан да нақты айтар болсам, ол ақшаны «Трибуна» газетін шығаруға пайдаландым, бірақ, соған қарамастан, мен 4-ші ай тұтқында, түрмеде оқшауланып отырмын», - деп жазды.
Сондай-ақ Ж.Мамай тергеу изоляторында өзіне жасалған қысым фактісі бойынша ашылған қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлаған.
«Қалай болғанда да, мен берілмеймін және қапаланып отырған жоқпын. Сіздердің маған дос екендеріңізді, мені қолдап, маған көмектесіп, менің жабық соттарыма келіп жүргендеріңізді білем. Жақында басты сот процестері басталады, сол жерде бәріңізді көремін. Әзірге бәріңізге сәлем жолдап, қолдауларыңыз үшін рахмет айтам! Күресімізді жалғастырып, әділдік жеңеді деп үміттенейік!»,- деп жазды журналист.
Ал осы кезде «Трибуна. Саяси Қалам» газетінің меншік иесі өзінің кәсіпорнын жапқаны белгілі болды, ол дегеніңіз, басылым бұдан былай шықпайды деген сөз.
10 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакциясында және оның бас редакторы Жанболат Мамайдың үйінде тінтулер жүргізілді. Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері БТА Банктің қаржысын қымқырды деген күдікпен Мұхтар Әбләзовтің ісі шеңберінде Ж.Мамайды қамауға алған.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға тұтқында ұстауға рұқсат берді.
20 ақпанда Алматы қалалық соты Ж. Мамайдың апелляциялық шағымын және бұлтартпау шарасын «қамауда ұстаудан» кепілге айырбастауды сұраған өтінішін қанағаттандырмай тастады.
21 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай №18 тергеу изоляторында өзінің соққыға жығылғанын, бопсаланғанын және өз өмірі үшін қауіптенетінін хабарлады. Құқық қорғаушы ұйымдарының белсенді түрде араласуынан кейін, Ж.Мамайды басқа камераға ауыстырды.
1 сәуірде сот Ж. Мамайдың тұтқында отыру мерзімін 10 мамырға дейін созды. Ал 31 мамырда сот ол мерзімді тағы да созып, 10 шілдеге дейін жеткізді.