Жанболат Мамайдың тұтқында отыру мерзімін 10 шілдеге дейін созды
31 мамырда сот «Трибуна. Саяси Қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамайдың тұтқында отыру мерзімін тағы бір айға – 10 шілдеге дейін созды.
Ж.Мамайдың жұбайы Инга Иманбайдың айтуынша, «БТА Банктің экс-басшысы Мұхтар Әбләзовтің ісі бойынша үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, сондықтан журналистің ісі әзірге қаралмайды», - деп түсіндіріпті сот өз шешімін.
Сот отырысына – жақында инсульталдындағы жағдаймен ауруханаға түсіп, қазір стационарда емделіп жүрген Жанболат Мамайдың әкесі де келген.
10 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакциясында және бас редактор Жанболат Мамайдың үйінде тінтулер жүргізілген. Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері БТА Банктің қаржысын қымқырды деген Мұхтар Әбләзовтің ісі шеңберінде Ж.Мамайды қамауға алған.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға тұтқында ұстауға рұқсат берді.
20 ақпанда Алматы қалалық соты Ж. Мамайдың апелляциялық шағымын және бұлтартпау шарасын «қамауда ұстаудан» кепілге айырбастауды сұраған өтінішін қанағаттандырмай тастады.
21 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай №18 тергеу изоляторында өзінің соққыға жығылғанын, бопсаланғанын және өз өмірі үшін қауіптенетінін хабарлады. Құқық қорғау ұйымдарының белсенді түрде араласуынан кейін, Ж.Мамайды басқа камераға ауыстырды.
1 сәуірде сот Ж. Мамайдың тұтқында отыру мерзімін 10 мамырға дейін созды. Ал 27 сәуірде сот ол мерзімді тағы да созып, 10 маусымға дейін жеткізген болатын.