«Шекарасыз репортерлер» Рамазан Есіргеповке жасалған шабуылды мұқият тергеуге шақырды
Халықаралық «Шекарасыз репортерлер» ұйымы «Журналистер қауіпте» атты қоғамдық қордың төрағасы Рамазан Есіргеповке жасалған шабуылды оның кәсіби қызметімен байланысы болуы мүмкін екенін ескеріп, өте мұқият тегеу жүргізу керектігін айтып мәлімдеме жасады.
«Біз шектен асқан бұл қатыгез шабуылды барынша айыптаймыз және қазақстандық журналистер мен құқық қорғаушыларға жасалып жатқан осындай шабуылдар – бұл елдегі жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін көрсетеді. Жергілікті билік жүргізетін тергеу барынша толық және әділ болуы керек, сонымен бірге Есіргеповке жасалған шабуыл оның кәсіби қызметі үшін өш алу мақсатымен істелуі мүмкін деген болжамды да жан-жақты қарауы керек», - деді «Шекарасыз репортерлер» ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бюросының басшысы Йохан Бир.
Сондай-ақ, халықаралық журналистік ұйымының мәлімдемесінде: тергеу қазір мұны Есіргепов пен жолаушы арасында туындаған тұрмыстық дау ретінде көрсеткісі келіп отырғаны, алайда зардап шегуші журналист мұнымен үзілді-кесілді келіспейтіні атап көрсетілген.
«Шекарасыз репортерлердің» ақпараты бойынша, Есіргеповке жасалған шабуыл – осы жылдың басынан бері Қазақстанда азаматтық белсенділерге жасалған сегізінші шабуыл екен, бірақ олардың бірде бірі әлі ашылған жоқ.
Бұдан тыс, Есіргеповті Халықаралық журналистер федерациясы мен Журналистерді қорғау комитеті де қолдап мәлімдеме жасады.
Рамазан Есіргепов 14 мамырда поезбен Астанаға бара жатқанда шабуыл жасалды. Құрсақ қуысына тиген пышақ жарақатыменол Шу қаласының ауруханасына жеткізіліп, сол жерде оған жедел түрде ота жасалды. 16 мамырда Р.Есіргепов емделуін жалғастыру үшін Алматыдағы ауруханалардың біріне жеткізілді.
Көліктегі Ішкі істер департаменті ҚР ҚК-ның 24-бабы (қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу), сондай-ақ, 99-бабы (өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін бастады.