Рамазан Есіргепов: өзін жақсы сезінеді
«Әділ сөз» тілшісіШу қаласының ауруханасында жатқан Рамазан Есіргеповпен телефон арқылы хабарласты. Рамазан Есіргеповтің айтуынша, ол өзін жақсы сезінеді және емделуін Алматыда жалғастыруды жоспарлап отыр.
«Мен өзімді жақсы сезінем. Ертеңреанимобильмен Алматыға кетем деп үміттенем. Дәрігерлер – жақсы, көп көңіл бөліп жатыр. Маған күзетші қойылды, Астанадан қылмыстық іздестіру басқармасының бастығы келді», - деп хабарлады Р. Есіргепов.
14 мамырда «Журналистер қауіп-қатерде» қоғамдық қорының төрағасы Рамазан Есіргеповке поезда келе жатқанда шабуыл жасалды. Құрсақ қуысына тиген пышақ жарақатымен Р. Есіргепов Шу қаласының ауруханасына жеткізіліп, сол жерде оған жедел түрде ота жасалды.
Жанболат Мамайды қорғау комитетінің төрағасы Розлана Таукинаның айтуынша, комитеттің белсенді мүшесі Р. Есіргепов тергеушінің: «поезға отырған кезде туындаған тұрмыстық даудың себебінен оған шабуыл жасалды» деген болжамымен үзілді-кесілді келіспейтінін хабарлады. Р. Есіргеповтің айтуынша, поезға отырған кезде ешқандай дау-дамай орын алмаған. Оны – әкесін поезға шығарып салған ұлы растай алады.
Оған шабуыл жасалғаны туралы хабар 15 мамырда таң ертең белгілі болды. Көліктегі Ішкі істер департаменті 24-бап (қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу), сондай-ақ, 99-бап (өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін бастады.