Сәния Тойкен журналистикадағы ерлігі үшін марапатталды
БАҚ-тарда жұмыс істейтін әйелдердің халықаралық қорының (IWMF) «Журналистикадағы ерлігі үшін» сыйлығына бірінші болып қазақстандық журналист Сәния Тойкен ие болып отыр.
Сәния ұзақ жылдар бойы Ақтау қаласында жұмыс істеп келеді, қазір Азаттық Радиосы Қазақ редакциясының («Свободная Европа» / Радио «Свобода») тілшісі, республикалық «Жас Алаш» басылымына мақалалар жазып тұрады, кезінде «Не хабар?!» атты танымал газет шығарып тұрған. Кәсіби қызметі үшін, сондай-ақ мұнайшылардың жағдайын шынайы және объективті көрсеткеніне бола, соның ішінде олардың бірнеше айға созылған ереуілі туралы тұрақты жазып тұрғаны үшін журналист әрдайым қудалауға ұшырап, басын үнемі қауіп-қатерге тігіп жүрді. Қазір де оған оңай емес...
Сәния Тойкен халықаралық беделді сыйлыққа Таяу Шығыста жұмыс істейтін NPR-дің радиожурналисі Дебора Амоспен және «Әл-Жазира» телеарнасының Йемендегі репортері Хадеел Әл-Яманимен бірге ие болып отыр.
Бұған дейін осы сыйлыққа ие болғандардың арасында бүкіл әлемге танымал журналистер те бар, мысалы, Кристиан Аманпур (1994 жыл), Анна Политковская (2000 жыл), Хадиджа Исмаилова (2012 жыл), Анна Немцова (2015 жыл). Бұдан бұрын Орталық Азиядан тек қырғыз журналисі Замира Сыдықова ғана осы сыйлықпен марапатталған.
Сөз бостандығын қорғайтын халықаралық «Әділ сөз» қоры Сәния Тойкенді еңбегіне сай жоғары сыйлыққа ие болуымен шын жүректен құттықтайды.