ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысының «Караван» газетінің үстінен берген талап-арызын сот қараусыз қалдырды
3 мамырда өткен сот отырысында талапкердің, яғни ОҚО денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Жұмағали Исмаиловтың өкілі сотқа арыз түсіріп, «Караван» газетінің үстінен берген талап-арызын қараусыз қалдыруды сұрады. Сот ол арызды қанағаттандырып, 5 айдай созылған сотпроцесі тоқтатылды.
Ж.Исмаиловтың ар-намыс пен іскерлік беделін қорғауға қатысты «Караван» газетінің бас редакторы Игорь Шахнович пен журналист Ермек Қасымовтың үстінен берген талап-арызын Алматының Бостандық аудандық соты 12 желтоқсанда өндіріске қабылдаған болатын.
Оған – басылымның сайтында орналастырылған «Закон сохранения коррупции. Как шымкенский колобок до Астаны докатился» (caravan.kz, 14.10.2016 ж.) және «Караван» приносит извинения Бейбуту Атамкулову» (caravan.kz, 21.10.2016 ж.) мақалалары себеп болған. Талапкер: «бұл мақалаларда менің қызметім жайлы теріс ақпарат бар және ол ақпарат заңдылықты сақтау, қоғамның моралдық принциптері тұрғысынан мен туралы теріс мінездеме беріп, оқырмандарда мен жайлы теріс пікір қалыптастыруға бағытталған» деп санаған.
Ж.Исмаилов: мақалаларда жарияланған мәліметтер оны жаманатқа қалдырып, шындыққа сәйкес келмейді деп тануды, сондай-ақ теріске шығаруды жариялауды, сонымен бірге сол мақалаларды басылымның сайтынан алып тастауды талап еткен. Талапкер өзіне келтірілген моралдық зиянды 30 млн теңгеге бағалап, оны жауапкерлерден бірлесе өндіріп беруді сұраған.
11 сәуірде Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты: Ж.Исмаилов өзінің қызмет бабын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны басқарды, сондай-ақ коммерциялық мақсатпен аса ірі көлемде пара берді (ҚР ҚК 262-бабы, 6-т, 3-тт. және 253-бабы, 6-т.) деген күдікпен оны тұтқындауға санкция берді.