Жанболат Мамайдың тұтқында отыру мерзімін 10 маусымға дейін созды
27 сәуірде сот «Трибуна. Саяси Қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамайдың тұтқында отыру мерзімін тағы бір айға – 10 маусымға дейін созды. Оны «тергеу әлі аяқталған жоқ және істің материалдарын оқуға қосымша уақыт қажет» деп түсіндірді.
Қорғаушы жақтың «Ж. Мамайды ол үшін тұтқында ұстаудың қажеті жоқ» деген уәждерін сот есепке алмады.
«Тергеу жүре берсін, біз оларға ешқандай кедергі жасамаймыз. Ал Жанболатты қамауда ұстауға негіз жоқ. Оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен үйқамақта ұстауға болады» - деп біз Жанболат қылмыскер емес екенін, оның отбасы, қарт ата-анасы және кішкентай баласы бар, сондықтан ол ешқайда қашпайды, - деген дәлелдерімізді судья қаперіне алмады» - деді Ж.Мамайдың әйелі Инга Иманбай.
Бұдан тыс, И.Иманбайдың айтуынша, «жасына және денсаулығына байланысты» деген сылтаумен сот Ж.Мамайдың әкесіне де қоғамдық қорғаушы мәртебесін беруден бас тартқан.
«Әзірге оған қоғамдық қорғаушы мәртебесін берген жоқ. Біз сотқа шағымдандық, бірақ сотта: «Жанболаттың әкесі 80 жаста және оның денсаулығы қоғамдық қорғаушы болуға жарамайды» деген негізде бізге рұқсат бермеді. Алайда заң бойынша ондай шектеу жоқ. Сондықтан біз тағы сотқа бердік. Енді оның шешімін тосып отырмыз. Егер бізге тағы сондай жауап қайтарса, біз қайтадан сотқа шағымданамыз», - деп түсіндірді И.Иманбай.
10 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің редакциясында және бас редактор Жанболат Мамайдың үйінде тінтулер жүрген. Сол күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының қызметкерлері «БТА» банктің қаржысын қымқырды деген Мұхтар Әбләзовтің ісі шеңберінде Ж.Мамайды ұстаған.
11 ақпанда Алматының Медеу аудандық соты Жанболат Мамайды екі айға қамауға алуға рұқсат берді.
Қамауға алынар алдында Жанболат көпшілікке арналған жария мәлімдеме жасады. Онда ол:
«Мен, Жанболат Мамай, тағылған айыптар бойынша өзімді кінәлі деп санамаймын. Өмірімде бизнеспен, қаржылық шаруалармен айналысқан емеспін. Бұл істі саяси астары бар деп, журналистік қызметіме қысым және "Трибуна" газетін жабу әрекеті деп есептеймін» - деп жазған.
20 ақпанда Алматы қалалық соты Ж. Мамайдың апелляциялық шағымын қанағаттандырмай, бұлтартпау шарасы ретінде таңдалған «қамауда ұстауды» күшінде қалдырды.
21 ақпанда «Трибуна. Саяси қалам» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай №18 тергеу изоляторынан өзінің соққыға жығылғанын, бопсаланғанын және өз өмірі үшін қауіптенетінін хабарлады.
1 сәуірде сот Ж. Мамайдың тұтқында отыру мерзімін 10 мамырға дейін созды.
Құқық қорғау ұйымдарының осы іске белсенді түрде араласуының арқасында Ж.Мамайды басқа камераға ауыстырды. Оның айтуынша қазіргі кезде камерада бірге жатқандар тарапынан немесе тергеу изоляторы әкімдігі жағынан қысым жасалып жатқан жоқ.