«Караван» газетінен 30 млн теңге талап еткен қуынушы тұтқынға алынды
ОҚО денсаулық сақтау басқарамасының экс-басшысы Жұмағали Исмаиловтың «Караван» газетіне қойған талабы бойынша өтіп жатқан сот процесінде күтпеген өзгеріс болды. Талапкер тұтқынға алынды.
Осындай бұлтартпау шарасына Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты санкция берді.
Ж.Исмаилов өзінің қызмет бабын пайдаланып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды және оны басқарды, сондай-ақ коммерциялық мақсатпен аса ірі көлемде пара берді (ҚР ҚК 262-бабы, 6-т, 3-тт. және 253-бабы, 6-т.) деген күдіктерге ілігіп отыр.
Ж.Исмаиловтың ар-намыс пен іскерлік беделін қорғауға қатысты «Караван» газетінің бас редакторы Игорь Шахнович пен журналист Ермек Қасымовтың үстінен берген талап-арызын Алматының Бостандық аудандық соты 12 желтоқсанда өндіріске қабылдаған болатын.
Оған: басылымның сайтында орналастырылған «Закон сохранения коррупции. Как шымкенский колобок до Астаны докатился» (caravan.kz, 14.10.2016 ж.) және «Караван» приносит извинения Бейбуту Атамкулову» (caravan.kz, 21.10.2016 ж.) мақалалары себеп болған. Талапкер: «бұл мақалаларда өзінің қызметі жайлы теріс ақпарат бар және ол ақпарат заңдылықты сақтау, қоғамның моралдық принциптері тұрғысынан өзі туралы теріс мінездеме беріп, оқырмандарда өзі жайлы теріс пікір қалыптастыруға бағытталған» деп санаған.
Ж.Исмаилов: мақалаларда жарияланған мәліметтер оны жаманатқа қалдырып, шындыққа сәйкес келмейді деп тануды, сондай-ақ теріске шығаруды жариялауды, сонымен бірге сол мақалаларды басылымның сайтынан алып тастауды талап еткен. Талапкер өзіне келтірілген моралдық зиянды 30 млн теңгеге бағалап, оны жауапкерлерден бірлесе өндіріп беруді сұраған.