"Роскомнадзор" қазақстандық БАҚ-тардың сайтына кіруді шектейміз деп қорқытып отыр
РИКА медиа-холдингіне қарайтын (Ақтөбе қ.) www.rikatv.kz сайтының редакциясы Роскомнадзордан: 17.02.2017 ж. жарияланған ақпаратты алып тастауды талап еткен ескерту алды. Онда: Ембі қаласының (Ақтөбе облысы) тұрғыны өзіне бензин шашып, содан кейін өзіне от қойып, АІІБ (РОВД) ғимаратына кіруге әрекеттенген. Мәтінде осы ресми ақпаратты берген облыстық ІІД-нің (ДВД) баспасөз қызметіне сілтеме бар.
Бірақ Роскомнадзор одан Ресей заңнамасын бұзған белгіні көріп, егер мәтінді сайттан алып тастамаса, РФ аумағында сайтқа кіруді шектейміз деп қорқытқан. Айта кету керек, бұл бір айдың ішінде орын алып отырған осындай екінші оқиға. Осы жылдың 30 наурызында тура сондай ескерту алған соң, әскери полиция қызметкері пистолеттен басына оқ атқаны туралы ақпаратты сайттан алып тастауға тура келген болатын.
Роскомнадзор: «бұл ақпарат адамға суицидтің жолын көрсетіп, өзін өзі өлтіруге итермелейді» деп хабарлап, ақпаратты бір тәуліктің ішінде алып тастауды талап еткен. Олай істемеген жағдайда сайтқа РФ аумағында кіруге тыйым саламыз деп ескерткен.
«Біздің күнделікті қарапайым фактілерді жариялағанымызды Роскомнадзор суицидке үндеу деп бағалап отырғандықтан, біз бұдан былай оның қаһарына ілінбес үшін, енді өзін өзі өлтірген оқиғалар туралы ақпаратты мүлдем жарияламайтын шығармыз», - деп санайды РИКА медиа-тобының бас редакторы Марина Васильева.